❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

«Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – рухани тәрбие негізі»

  • 08.04.2026 12:19
  • Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

image
         8 сәуір күні Ясауитану бағытындағы оқу-ағартушылық жұмыстар аясында, Ясауитану ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері Айтбай Бақдәулет «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – рухани тәрбие негізі» атты мазмұны терең, тәрбиелік маңызы жоғары ашық сабақ өткізді. Аталған сабаққа Гуманитарлық ғылымдар факультетінің Мектепке дейінгі білім беру тобының білімгерлері белсенді түрде қатысып, ұлттық-рухани құндылықтарды игеруге бағытталған танымдық орта қалыптасты. Сабақ барысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи-рухани негіздері, оның түркі дүниесінің мәдениеті мен дүниетанымындағы орны жан-жақты талданды. Әсіресе, Ясауи іліміндегі адамгершілік, имандылық, сабырлылық пен ізгілік секілді қасиеттердің қазіргі қоғамдағы тәрбиелік рөлі ерекше ғылыми-педагогикалық тұрғыда түсіндірілді. Сонымен қатар, хикметтер арқылы берілген рухани-этикалық ұстанымдардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ықпалы нақты мысалдармен айқындалды.Сабақтың мазмұны тек теориялық шеңбермен шектелмей, интерактивті әдістер арқылы білімгерлердің сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталды. Студенттер Ясауи мұрасындағы құндылықтарды бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, өз көзқарастарын еркін жеткізіп, мазмұнды пікірталас өрбітті. Бұл өз кезегінде олардың рухани-танымдық деңгейін арттырып, ұлттық сана мен мәдени кодты тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сабақ соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды. Ашық сабақ білімгерлер үшін тек білім алу алаңы ғана емес, сонымен қатар рухани кемелденуге жетелейтін тағылымды кездесу ретінде жоғары бағаланды.