❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКИЯҒА ҒЫЛЫМИ ІС-САПАРМЕН БАРДЫ

  • 01.12.2025
  • KZ
  • 72

image

Университет делегациясы Түркиядағы XV Ұлттық және I Халықаралық Медициналық Білім Беру Конгресіне қатысып, жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасты.

 

26–29 қараша күндері университетіміздің делегациясы Түркия Республикасының Стамбул қаласында Acıbadem Mehmet Ali Aydınlar Университетінің ұйымдастыруымен өткен XV Ұлттық және I Халықаралық Медициналық Білім Беру Конгресіне қатысты. 

 

Делегация құрамында: Медицина факультетінің деканы Г.О. Нускабаева, Стоматология факультетінің деканы У.Б. Татыкаева, Жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру факультетінің деканы Ж.А. Жагипарова және Симуляциялық орталық басшысы Е.Н. Төлежанов болды.

 

Стамбулда өткен Конгресс барысында университет өкілдері медициналық және стоматологиялық білім берудегі жаңа бағыттармен, клиникалық симуляциялық оқыту технологияларымен, құзыреттілікке негізделген бағалау жүйелерімен, резидентураға қабылдау және даярлау бойынша халықаралық тәжірибемен танысты. Әлемнің жетекші университеттерінен жиналған сарапшылармен пікір алмасып, алдағы бірлескен ғылыми және оқу жобалары бойынша келіссөздер жүргізілді. Алынған ақпарат университетіміздің оқу бағдарламаларын жетілдіруге және инновациялық әдістер енгізуге негіз болмақ.

 

Келесі кезекте, делегация Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Анкара университетінің Стоматология факультетінде болды. Мұнда қатысушылар факультеттің оқу-әдістемелік орталығымен және заманауи клиникалық-тәжірибелік дайындық жүйесімен танысты. Студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға арналған технологиялар, оқу-клиникалық кабинеттердің жұмыс форматын көрді. Тараптар білім беру бағдарламаларын салыстырып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

 

Айтулы сапар әрі қарай Лұқман Хеким университетінің Симуляциялық орталығында жалғасты. Делегация жоғары технологиялық симуляторлармен жабдықталған орталықтың жұмысымен танысып, клиникалық жағдайларды модельдеу мүмкіндіктерін, оқытушыларға арналған тренинг жүйесін және OSCE форматына негізделген бағалау үдерісін көрді. Тараптар симуляциялық оқытуды дамыту, оқу ортасын жаңғырту және оқытушылардың біліктілігін арттыру бағытында тәжірибе алмасты. Әрі ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

 

Іс-сапар нәтижесінде екі университетпен де серіктестікті нығайтуға, бірлескен шеберлік сабақтарын өткізуге, академиялық алмасу бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған нақты ұсыныстар қарастырылды. Университетіміз медициналық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.