❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫНАН ЖАҢА МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ҚАҒИДАТТАРЫНА ДЕЙІН» ТАҚЫРЫБЫНДА WORKSHOP ӨТТІ

  • 04.12.2025
  • KZ
  • 9

image

«Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» атты симпозиумы аясында «Ұлы дала мұрасынан жаңа мемлекетшілдік қағидаттарына дейін» тақырыбында Workshop өтті.

 

Айтулы басқосуда сот, прокуратура және қауіпсіздік құрылымдары өкілдері заманауи мемлекетшілдіктің негіздерін талқылады.

 

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова симпозиум ұйымдастырушылары мен шетелден келген ғалымдарға және қонақтарға, басқа да университеттердің Заң факультеттерінен жиналған студент жастарға алғыс білдірді.

 

Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов: «Бұл шараның адам құқықтары күні қарсаңында өткізілуінің өзі – оның идеялық және құндылықтық салмағын арттырады.

 

Ұлы дала философиясында ғасырлар бойы қалыптасқан парасат, әділет, жауапкершілік, және бітімгершілік қағидалары – қазіргі сот жүйесінің даму бағытымен толық үйлеседі. Осы құндылықтарды жаңа институттармен, цифрлық технологиялармен және құқықтық стандарттармен сабақтастыра отырып, біз сот төрелігінің тиімділігін, ашықтығын және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін күшейтіп келеміз. Халықаралық симпозиум жұмысы осы бағыттағы ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтіп, сот жүйесінің дамуына серпін беретініне сенімдімін»,-деді.

 

Келесі кезекте, «Бүгінгідей маңызды жиынды Түркістан төрінде ұйымдастырып, заң, құқық, тарих пен дін, тіл саласының дүлділдерін біріктірген азаматтарға ерекше алғыс білдіреміз. Халықтың тарихи тамыры мен болмыс-бітімін түгендейтін мұндай ауқымды диолог алаңдарының ұлттық мүдде тұрғысынан маңызы өте зор»,-деді Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев. Ол, сонымен қатар, ректор Жанар Темірбековаға Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің прокуратура өкілдері қатысқан I Халықаралық форумның өтуіне елеулі үлес қосқаны үшін еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловтың арнайы Алғыс хатын табыстады.

 

Сондай-ақ, жиында қауіпсіздік саласының өкілдері – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Болат Қалмырзаев, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев өз салаларындағы өзекті мәселелерді көтерді. Өзге де спикерлер құқықтық қауіпсіздік пен жаңа қауіп-қатерлерды қарастырды.

 

Қатысушылар конституциялық құндылықтардың тарихи тамыры, қылмыстық заңнама эволюциясы және аймақтық құқықтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін сөз етті. Бұл пікірталас құқықтық реформалар мен далалық құқық философиясы арасындағы сабақтастықты кәсіби тұрғыдан ашып көрсетті.

 

Жиыннан соң қатысушылар Түркістан музыкалық-драма театрында Абайдың «Қара сөз» пластикалық спектаклін тамашалауға кетті.

 

Айта кетейік, ертең симпозиум аясында Пленарлық отырыс өтеді.