АКАДЕМИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ВИЦЕ-РЕКТОР ЭЛЬМИРА ИДРИСОВА БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Жиынның басты мақсаты – оқуын аяқтағалы отырған студенттерге маңызды академиялық талаптарды түсіндіру, қорытынды аттестацияға дайындық барысын нақтылау.
Шарада вице-ректор Эльмира Идрисова бастаған мамандар университеттің стратегиялық дамуы мен оқу үдерісінің соңғы кезеңіне байланысты өзекті мәліметтерді жеткізді.
Жиында алғашқы сөз тізгінін алған Академиялық мәселелер жөніндегі вице-ректор Эльмира Идрисова:
«Құрметті студенттер, алдағы сессияны және дипломдық жобаларыңызды адал тапсырып, өз еңбектеріңізге сеніммен қараңыздар. Көбіне кездесетін қателіктер – жұмысты кеш бастау, академиялық талаптарды сақтамау және плагиатқа жол беру. Осы олқылықтарға бой алдырмай, сапалы нәтижеге ұмтылуларыңызды тілеймін», – деді.
Студенттерге Академиялық адалдық талаптары, қорытынды аттестацияның өткізілу тәртібі, дипломдық жұмысты рәсімдеу ережелері, бағалау жүйесі және бітірушілерге арналған академиялық регламенттер бойынша толық әрі түсінікті ақпарат берді.
Сондай-ақ, студенттерге қос диплом бағдарламасының шарттарын таныстырды.
Кездесу барысында бітірушілер өндірістік іс-тәжірибеден өту талаптары, дипломалды дайындық кезеңінің ерекшеліктері, сессияның өткізілу форматы жөніндегі сұрақтарын талқылады. Бұдан бөлек, магистратураға түсу мүмкіндіктері және тілдік дағдыларды дамыту бағыттары жайлы түсініктеме берді.
Бұл кездесу студенттердің алдағы қорытынды аттестацияға, өндірістік практикаға және дипломдық жұмысқа сапалы дайындалуына әсер етті.