УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАРЫ ОБЛЫС ҮЗДІГІ АТАНДЫ
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен «Жыл үздігі – 2025» атты жыл үздіктерін марапаттау салтанатты кеші өтті.
Конгрес Холл көпсалалы кешенінде өткен шара алдында жиналған қауым назарына университетіміз бен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы – «Еңбек» фотокөрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға, адал еңбекті дәріптеуге арналған фотокөрменің тұсаукесері жуырда ғана университет қабырғасында өткен еді. Бүгін көшпелі көрсетілімге фотокөрменің басты кейіпкерлері арнайы қатысып, көпшілік шығармашылық жұмысты жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.
Ал салтанатты жиын барысында облыс әкімі өз саласында адал еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мамандарды құттықтады.
Айтулы жиында университетіміздің бірқатар оқытушы-профессорлары, сондай-ақ түлектері де марапат иегері атанды.
Салтанатты кеште Журналистика кафедрасының профессоры, журналист, танымал композитор Бекжігіт Сердәлі Түркістан облысының «Үздік композиторы» номинациясын иеленді. Ал Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық кафедрасының доценті, PhD оқытушы Бағлан Ермаханов «Үздік жас ғалым» номинациясымен марапатталды.
Сондай-ақ марапат иелері қатарында оқу ордамыздың 2025 жылғы түлегі, жуырда әйелдер күресінен Сербияның Нови-Сад қаласында өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанған Шұғыла Өмірбек те болды. Түлегіміз «Үздік спортшы» номинациясын иеленді.
Айта кетейік, жыл үздіктерін марапаттау шарасының мерекелік концертінде университетіміздің мақтанышы — «Би-Сұлтан» би ансамблі өнер көрсетті. Мың бұралған бишілеріміз ұсынған ерекше әрі заманауи композиция көрермендердің зор қошеметіне бөленіп, кештің көркін аша түсті.
Аталған бидің қоюшы жетекшісі — ҚР үздік хореографы, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлназия Тәуекелова.
Университет ұжымы атынан жыл қорытындысы бойынша топ жарған оқытушыларымызды, профессорларымызды және түлектерімізді шын жүректен құттықтай отырып, алдағы еңбектеріне толағай табыс пен сәттілік тілейміз!