«ҒАСЫР ДАНАСЫ – ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

  • 29.03.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде ақын, философ, күллі түркі әлеміне танымал тұлға Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылу салтанаты өтті.

Конференцияның мақсаты – Орта Азия қала берді күллі түркі әлеміне танылған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, осы конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін оқу жүйесіне енгізуді басшылыққа алу. Орта ғасырда қалыптасқан ағартушылық қызмет пен рухани танымдық мұралардың құндылықтарын ашып көрсету.

Ашылу салтанатында алғашқы сөз тізгінін алған университет ректоры Жанар Темірбекова:

«Құрметті конференцияға қатысушылар, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгінгі біздегі қуанышта шек жоқ. Себебі біздегі мақсат – Қожа Ахмет Ясауи ілімін, оның рухани мирасы барша Қазақстандықтар мен Түркі әлеміне таныстыру. Ғұламалардың ғұламасы Ясауи бабамыздың түркі әлемінде Ислам дінінің қалыптасуына, түркі өркениетіне қаншалықты маңызды екенін зиялы қауым ұмытқан жоқ. Жүйелер мен идеологиялар өзгергенімен Ясауи қалдырған асыл дүние VIII ғасыр өтсе де өз құндылығын жойған жоқ. Тәуелсіздік ақ таңында құрылған университетіміз Халықаралық мәртебеге ие болып, Ясауи атын иемденді. Сол сәттен бастап, Түркістанға жиылған барша зиялы қауым өкілдері Қожа Ахмет Ясауи ілімін таныту және оны лайықты деңгейге көтеру миссиясын өз міндеттеріне алды.

Бүгін міне, конференциямызға еліміздің 13 облысынан 140 мұғалім келді. Сондай-ақ, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінен Ясауи ілімі мен өмірін зерттеп жүрген айтулы ғалымдар да арнайы келді. Бұл үлкен қуаныш!»,- деді.

Сонымен қатар, ректор Жанар Темірбекова конференцияның алға қойған мақсаттырының бірі – «Ясауитану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізу, жас буынды Ясауи ілімімен таныстыру, дәріптеу жайлы ой қозғады.

Келесі кезекте, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев конференция ашылуымен қала әкімі Нұрбол Тұрашбековатың арнайы құттықтауын жеткізді.

Ректор өкілі Пейами Баттал да аталмыш конференцияның түбі бір түркі жұрты үшін маңызы мен мәні туралы баяндады. Ясауидің ілімі, ізденіс жолы, ұрпаққа қалдырған асыл мұралары туралы тарихи деректермен бөлісті. Жас буынға баба аманаты мен еңбектерін көздің қарашығындай сақтау керек екенін айтты.

Сондай-ақ, шара барысында Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күніне арналған Ғылым айлығының ашылуы болды.

Конференция одан әрі Иран Ислам Республикасы Тебриз университетінің қауымдастырылған профессоры Хусейн Хошбатенидің баяндамасымен өрбіді. Сонымен қатар, Өзбекстан Ұлттық университетінің ғалымы Нодирхан Хасанов, Қырғызстан жерінен, Жүсіп Баласағұни университетінің зерттеуші маманы Тілек Токтосуновтар өз баяндамаларын оқыды.

Айта кетейік, конференция аясында 5 секция: Қ.А. Ясауи мұрасы және оның рухани танымы; Қ.А. Ясауидің мұраларын оқу-тәрбие үдерісінде қолдану; Қ.А. Ясауи еңбектерінің философиялық және тәрбиелік мәні; Орта ғасырдағы мәтіндер тілі: аударма, лингвистикалық талдау; Түркі әлеміндегі мәдениет және өнер бағыттары бойынша жұмыстарын бастады.

Конференцияда қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи ілімін қазіргі таңда қоғамның рухани-адамгершілік және мәдени дамуындағы жетістіктердің өзегі ретінде танылуын қарастырды. Онда тұлғаның шығармаларындағы тіл, әдебиет, өнер, мәдениет, дін, философия, т.т. мәселелерді талқылап, орта ғасырдағы жазба деректер де зерттеу саласының бірі ретінде қарастырылып, мәтіннің тілдік, сөздік әрі коммуникативтік рөлін айқындауды әрі олардың категориялық терминдік құрылымын жан-жақты саралауды негізге алды.