❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАЛАРДЫҢ ДӘЙЕКСӨЗДЕЛУІН АРТТЫРУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ

  • 20.01.2026
  • KZ
  • 38

image

Бүгін Қысқы мектеп жобасы аясында «Ғылыми мақалалардың дәйексөзделуін арттыру стратегиялары» атты 2-модуль өтті.  

 

Басқосудың алғашқы спикері Нанотехнология ғылыми-зерттеу институты, PhD, профессор-зерттеуші Тоқтарбай Жексенбек «Сілтеме алатын мақаланы қалай дайындауға болады?» тақырыбында баяндама оқыды.

 

Спикер ғылыми мақаланың құрылымы, аннотацияны дұрыс жазу, Results and Discussion бөлімінде жиі жіберілетін қателер жөнінде кеңінен ой қозғады. Сондай-ақ, Scientific SEO қағидаттарын сақтау арқылы мақаланың іздеу жүйелерінде оңай табылуын қамтамасыз ету жолдарына тоқталды.

 

Сонымен қатар, ол, аннотацияның 7 сөйлемдік құрылымын қолдану, нәтижелерді нақты деректермен негіздеу және ғылыми мәтінде артық сипаттаудан аулақ болудың маңызын атап өтті. Тоқтарбай Жексенбек ғылыми мақаланың дәйексөзделуіне оның мазмұны ғана емес, тақырыбы, кілт сөздері мен аннотациясының үйлесімділігі тікелей әсер ететінін жеткізді. 

 

Келесі кезекте, Жаратылыстану ғылымдары факультеті, PhD, доцент-зерттеуші Индира Усембаева «Ғылыми мақалалардың дәйексөзделуін арттыру стратегиялары» тақырыбын қозғады. Баяндама барысында citation ұғымының ғылыми этикадағы орны, зерттеушінің академиялық беделі мен ғылыми рейтингтерге ықпалын кеңінен түсіндірді. 

 

Сондай-ақ, спикер дәйексөзделуді арттыруда систематикалық шолу мен мета-талдаудың, PICO құрылымын қолданудың тиімділігіне тоқталып, ORCID пайдалану, автор аты-жөнін бірізді форматта көрсету және Open Access форматында жариялаудың ғылыми еңбектің көрінімділігін арттырудағы рөлін атап өтті.

 

Жиын барысында ғылыми мақалалардың сапасын арттыру мен дәйексөзделу деңгейін жоғарылатудың нақты тетіктері жан-жақты талқыланды. 

 

Қатысушылар ғылыми зерттеуді стратегиялық тұрғыда жоспарлау, академиялық адалдықты сақтау және citation мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде пайдалы ақпарат алды. Ғылым апталығы аясындағы бұл модуль зерттеушілер үшін халықаралық ғылыми кеңістікте бәсекеге қабілетті мақалалар дайындауға бағытталған маңызды алаңға айналды.