ОҚУ ОРДАМЫЗДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Қонақтар қатарында – Түркістан облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Хандиллаев, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Бағдаулет Турманов, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, қоғам белсендісі, заңгер МаратБектемірұлы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманкулов, Қазақстан халқы партиясының төраға орынбасары Темірхан Тұрғанбай бар.
Жиынның мақсаты – студенттерге Конституцияға енгізілген өзгерістердің мәнін кеңінен түсіндіру және Жалпыұлттық референдумның маңызын насихаттау.
Сондай-ақ, жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге жауапкершілікпен қатысуға үндеу.
Жиында сөз бастаған Түркістан қалалық мәслихат депутаты Бағдаулет Турманов: «Құрметті студенттер, баршаңызды осы жиында көргенімізге қуаныштымыз. Өздеріңізге белгілі, 15 наурыз – Жалпыұлттық референдум күні ретінде бекітілді. Бүгін осы тақырып аясында үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мәслихат депутаттары, ел ағалары, қоғам белсенділері келіп отыр»,-деді.
Келесі кезекте, «15 наурыз күніне ел болып дайындалып жатырмыз. Сіздерге Конституцияға енгізілген өзгерістер жайлы ақпарат бере кетсем. Біріншіден, адам құқығы мен бостандығына ерекше мән берілді. Әр азамат өзін қауіпсіз сезініп, ойын еркін айта алуы керек. Екіншіден, билік жүйесі теңгерімді болмақ. Бұл дегеніміз – мемлекеттік органдар бір-бірін бақылап, халық алдында есеп береді. Үшіншіден, халықтың мемлекет ісіне қатысуы мүмкіндігі артады. Азаматтардың пікірі маңызды рөл атқарады. Жаңа заңда адам капиталы – білімді, дені сау ұлт қалыптастыру, ұлттық бірегейлік пен Заң үстемдігіне баса назар аударылған. Бұл өзгерістер еліміздің дамуына жаңа бағыт береді»,-деді Түркістан облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева.
Түркістан облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Хандиллаев: «Құрметті қауым, студенттер, болашақ жастар! Сіздердің алдарыңызға келіп, қала тұрғындарына Конституциялық реформа жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Әр мемлекеттің құнды құжаты – Ата заңы. Референдум бойынша Конституциямыздың біршама бөлімі өзгеруде. Әр өңірден жиналған 130 адам талқылады. Ол адамдар, жай адамдар емес. Олар – халық пен жастар арасында жүрген зиялы қауым, депутаттар мен елмен диалог жүргізіп жүрген азаматтардан құралған. Бұл – Жаңа Қазақстанның қадамы. Сондықтан, билік пен халық арасын жалғап жүрген азаматтарға сенеміз. Реформаның басты мақсаты – Әділетті Қазақстан орнату, мемлекет басқару жүйесін жетілдіру, Заң үстемдігін орнату. Осы себепті, біз бірге ат салысып, 15- наурыз референдумда дауыс беруге шақырамыз!»,-деді.
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманкулов пен Қазақстан халқы партиясының төраға орынбасары Темірхан Тұрғанбай да терең ойларын бөлісіп, жастарды ел болашағы үшін маңызды күнге бей-жай қарамауға шақырды.
Жиын соңында Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов оқу ордаға арнайы ат басын бұрып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген спикерлерге алғыс білдірді.