❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ТҮРКІ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАЛАРЫ ОДАҒЫ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

  • 20.02.2026
  • KZ
  • 9

image

Университетімізде Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы (TCCI) Жұмыс тобының отырысы өтті. 

Іс-шарада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов модератор болды.

 Іс-шарада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әмреев, Түркістан облыстық мәслихатының және Өңірлік кеңестің төрағасы Нұралы Әбішов, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажан және өзге де шетелдік қонақтар баяндама оқыды. 

Жиында сөз алған ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті қонақтар, Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгін жақсы бір себеппен кездесіп отырмыз. Кез келген ынтымақтастық пен достық тұрақты болса, ғасырлар бойы жалғасады. Бұл – ата-бабамыздан қалған өсиет. Түркістан тоғыз жолдың торабы. Ұлы Жібек жолы бойынша ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық мәдениеттің жері. Сондықтан, болашаққа жол салу үшін бүгін университетімізде басқостыңыздар. Біз, өз кезегімізде, өте қуаныштымыз. Түркі мемлекеттері ұйымының іс-шарасы өтеді дегенде  қуанып, барынша атсалысуға тырысамыз. Оқу ордамызда мерекелік атмосфера орнайды. Түркі мемлекеттерінің интеграциясына бағытталған бірнеше ұйым бар. Соның бастауы, халықаралық ұйым – сіздер отырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті»,-деді.

Жиында Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағын институционалдық тұрғыдан нығайту және оны Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі платформасы ретінде тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар шешімдерді жедел қабылдауға және оларды тиімді іске асыруға ықпал ететін тұрақты үйлестіру тетіктерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бірауыздан бекітілді. Құжат – іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіпте, агроөнеркәсіптік кешенде және қызмет көрсету саласында кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бастамалар кешенін іске асыруды көздейді.

Түркістанда өткен Жұмыс тобының отырысы Қазақстан Республикасының Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағындағы төрағалығын іске асырудың маңызды кезеңі болды.