ОҚУ ОРДАМЫЗ БЕН МАНАС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЫҒАЯ ТҮСПЕК

  • 08.04.2024
  • KZ

image

Оқу ордамыз бен «Манас» қырғыз-түрік университеті арасындағы академиялық ынтымақтастық келісім шарты жаңартылды.

Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова Қырғызстан Республикасы, «Манас» университетіне арнайы іс-сапары барысында оқу орнының ректоры профессор, доктор Алпаслан Джейланмен жаңартылған келісімге қол қойды.

Ректорымыз Жанар Темірбекова түркі мемлекеттері арасында үлкен мәнге ие болған – Ахмет Ясауи мен Манас университеттерінің алар орны мен маңызы туралы айтты.Түркі мемлекеттерінің екі университетке жүктеген жауапкершілікті сезіне отырып, ынтымақтастықта, ауызбіршілікпен жұмыс атқаратынын жеткізді. 

«Ынтымақтастық туралы жаңартылған келісім аясында – жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашып, бұдан былай екі университет түркі әлеміне және адамзатқа пайда әкелетін көптеген заманауи бірлескен жобаларды қолға алады»,- деді Жанар Темірбекова.

Сонымен қатар, екі университеттің көп жылдық тәжірибесінің арқасында түркі мемлекеттері ұйымының мақсаттары мен міндеттеріне үлкен үлес деген ой-пікірін жеткізді.

«Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан түркі әлеміндегі білімгерлерге ең көп инвестиция салған жоғары оқу орындардың ішінде Ахмет Ясауи университеті және Манас университеті алда екенін баса айтты. Сол себепті – екі университеттің көптеген аспектілерде ортақ ерекшеліктері барын атады. Әрі қос оқу орда арасында бұрын да ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын еске салды.

Келісімнің жаңаруы нәтижесінде екі университеттің ынтымақтастығы әлдеқайда артып, ортақ істерді бір бағытта жалғастыратынына сенім білдірді. 

Бірі түркі әлемінің рухани көсемі Ахмет Ясауи атындағы, екіншісі түркі әлемінің ең маңызды әрі ең көлемді дастаны Манас атындағы университеттердің түркі мемлекеттері арасындағы алтын көпір екенін айтты. Сондай-ақ, екі оқу орда да әлемнің ең мықты жоғары оқу орындары рейтингінде екенін тілге тиек етті. 

Сонымен қатар, Алпаслан Джейлан екі университеттің ынтымақтастығынан туындайтын синергия – түрік әлемінің бірлігі мен жоғары білім жүйесінің дамуына, түрік әлемі жастарының үздік білім алуына қызмет ететінін айтты. Аталған келісім түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің университеттеріне де үлгі болатынына сенім білдірді.