УНИВЕРСИТЕТІМІЗ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА ЖӘРДЕМ ЖІБЕРДІ

  • 09.04.2024
  • KZ

image

Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің халқына қолдау және көмек көрсету мақсатында жоғары оқу орындары түрлі жәрдем түрлерін ұсынып жатыр. Бұл игі істен оқу орнымыз да шет қалмады.

Университет ұжымы мен студенттері қиын жағдайға тап болған отандастарымызға жан-жақты қолдау шараларын ұйымдастырды. Оқу орнымыздың 500-ге жуық оқытушысы мен қызметкері бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

Сондай-ақ, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге қаражат жіберді.

Ал, «Актерлік өнер» мамандығының 2 курс студенттері арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылымды сахналады. Билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке аударды.

Университетіміздің басшылығы барлық жиналған қаражатты Атырау облысының тұрғындарына жәрдем үшін жұмсауға шешім қабылдады. Қазіргі таңда Жайық өзенінің суы тасып, Атырауда шұғыл түрде бөгеттер мен дамбы жасау жұмыстары басталып кетті. Осыған орай, оқу орны атынан шұғыл түрде құрылыс-шаруашылық заттары сатып алынып, жүк көлігімен Атырау облысына жөнелтілді.

Айта кетейік, оқу орнымыз жіберген жәрдемді Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университеті қабылдап алып, жәрдем қажет орындарға жеткізеді.