❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ШАҢЫРАҚ КҮНІНЕ ОРАЙ «АҚ ОРАМАЛ» АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

  • 17.03.2026
  • KZ
  • 1052

image

Наурызнама онкүндігі аясында, 17 наурыз – «Шаңырақ» күніне орай «Достық үйінде» «Ақ орамал» акциясы өтті. 

 

Айтулы жиынды оқу ордамыз бен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен Түркістан қалалық «Отбасын қолдау орталығы» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» КММ, ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бірлесе ұйымдастырды.

 

Іс-шарада, ең алдымен, ақ жаулықтың мән-мағынасы дәріптеліп, жас келіндерге ақ орамал сыйлау  рәсімі өтті. Жас жұбайлар үлкендерге сәлем салып, ақ батасын алды. Айта кетейік, жас жұбайлар қатарында оқу ордамызда табысқан студент жұптарымыз да бар.

 

Жиын модераторы – Ерекше білім беруді қолдау орталығының меңгерушісі, университетіміздің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова болды. Ол: «Құрметті ақ жаулықты аналар, қонақтар, қош келдіңіздер! Бүгінгі жиынның маңызы тереңде жатыр. Ақ орамал киелі дүние. Сондықтан ақ жаулықтың қадір-қасиетін келешек ұрпақ білсін, ұмытпасын деген ниетпен бүгінгі жиынды ұйымдастырдық»,-деді.

 

Жиында көрермен қауымға «Шылауыш орау» дәстүрінен көрініс ұсынылды. Сонымен қатар, «Анамның ақ жаулығы» әні орындалды.

 

Бұдан бөлек, «Алтын шаңырақ» байқауының 2025 жылғы жеңімпазы Рысты Райымқұлова сөз сөйледі. 

 

Келесі кезекте, «Ақ орамал» әнінің авторлары өз шығармаларын таныстырды. Гитара үнімен қосыла ән айтып, көптің қошеметіне бөленді.

 

Сондай-ақ, өнерлі студенттеріміз  Ақсана Қуанышбек  пен Арайлым Дүйсебай домбыраны күмбірлете «Аяулы ана» әнін шырқады.

 

Айта кетейік, рухани жиында Жастар саясаты департаменті мамандары оқу ордамыздың атынан батагөй ақсақал Шора Исмолдаевтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Бағдарлама аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» мүше әжелердің «Ақ орамал» дефилесі көпшілік назарына ұсынылды. 

 

Келесі кезекте, Түркістан қалалық «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің психологы Гүлмира Исаева «Шаңырақты сақтау – ұрпағыңды сақтау» атты шеберлік сабағын өткізді.

 

Сахна төрінде әр отбасы үшін қадірлі қазынасы туралы «Қара шаңырақ» әні шырқалып, жүректерді тербеді.

 

 

Әжелер ансамблі «Жас жұбайлар» әнін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

 

Кездесу соңында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сый қораптары таратылды. Ал университетіміздің атынан ақ жаулықты аналарға гүл шоқтары табысталды.