«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛГЕН КҮН» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Бүгін жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің басталуына байланысты «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» және «Ұлттық киім» күніне орай оқу ордамызда Өнер, медиа және дизайн факультеті журналистика және бейнелеу өнері, Орындаушылық өнер кафедраларының білесе отырып ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар дәріптелген күн» атты тағылымды шара өтті.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Наурызды жаңа форматта атап өту бекітілді. Содан бері Әз-Наурыз мерекесі бір күн емес 10 күн тойлануда. Онкүндіктің әр күні қоғамның негізгі құндылықтарын айқындайтын жеке тақырыпқа арналуда. Яғни 14-наурыз «Көрісу» күнінен бастау алып, 23-наурыз «Тазару» күніне жалғасып келеді.
Наурызнама – мерекелік күнтізбесі бойынша қоғамда халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, кеңінен насихатталуда. Жалпыұлттық мәдени бастама елдің бірлігін айшықтайтын маңызды құндылық ретінде орныға түсуде.
Айтулы шара Асылжан Есімханның тұсаукесер салт-дәстүріне арналған арнауымен басталды. Одан әрі Өнер, медиа және дизайн факультетінің оқу-ісі жөніндегі декан орынбасары Ләззат Жамалханқызының екі ұлының бірдей тұсауы кесілді. Әуелі Сейдулла Садықұлы Дарын есімді балақайдың тұсауын кессе, Бекжігіт Сердәлі Досжан есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Өнер, медиа және дизайн факультетінің деканы Дархан Нұржанұлы: «Қымбатты әріптестер, сүйікті студенттер! Мәдениет пен ата-баба дәстүрлерін және халықтың мәдени болмысы мен бірегейлігін көрсететін ұлттық киімді насихаттап, дәріптейтін күннің келуімен баршаңызды құттықтаймын!»-деді.
Шара аясында Өнер, медиа және дизайн факультетінің аға оқытушысы, дизайнер Меруерт Сейсембекованың этно-стильді киімдер топтамасынан сән көрсетілімі ұсынылды.
Аталмыш шарада этно-стильді киім кию мәдениеті және салт-дәстүр сабақтастығы көрініс тауып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.