❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІНДЕ САЛТАНАТТЫ ШЕРУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

  • 18.03.2026
  • KZ
  • 1228

image

Наурызнама онкүндігі аясында, 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай университетіміздің бас ғимараты ерекше сән-салтанатқа бөленді. Өнер, медиа және дизайн факультетінің ұжымы мен өнерпаз студенттері ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, әсем әуенмен көмкерілген арнайы шерумен келді. Қолдарына домбыра ұстап, күмбірлеген күй мен әуелеген ән арқылы  ұлттық рухты асқақтатып, көрген жанның көңіліне жылулық сыйлады.

 

Айта кетейік, мерекелік шеру Өнер, медиа және дизайн факультетінің ғимаратынан бастау алып, Керуен сарай кешеніне дейін жалғасып, одан әрі оқу ордамыздың бас ғимаратына дейін жаяу жүріп келді. Осылайша, шеру қала тұрғындарының да ерекше ықыласына бөленді.

 

Ғимарат іші думанға толып, әрбір бұрыштан ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр лебі есті. Әсем өрнекті камзолдар мен шапандар, үкілі сәукелелер мен зерлі тақиялар – барлығы да ата-баба мұрасын жаңғыртып, көрерменге ерекше  әсер сыйлады.

 

Шара барысында өнерпаздар университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генчпен кездесіп, ән шырқап, ізгі тілектерін жеткізді. Ректор өз кезегінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұлт үшін маңызды күнді ұлықтауға үлес қосқан барша қатысушыға шынайы алғысын білдірді.

 

Ұлттық киім күні – тек сән-салтанаттың көрінісі ғана емес, ол – тарих пен тағылымның, рух пен бірліктің символы. Бүгінгі шеру студенттердің мәдени мұраға деген сүйіспеншілігін тереңдете түсетіні анық.