ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІНДЕ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Бүгін университет ұжымы Наурызнама онкүндігі аясында, 20 наурыз – Ұлттық спорт күнін кең көлемде атап өтті. Айтулы іс-шараны Спорт-сауықтыру орталығы мен Спорт факультеті бірлесе ұйымдастырды.
Басты мақсат –ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі саналатын ұлттық ойындарды дәріптеу.
Айта кетейік, спорттық шараға оқытушы-профессорлар құрамы мен 100-ден астам студент қатысты. Студенттер садақ ату, асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу, қыздар және ұлдар арасында қол күресі, гір тасын көтеру, белдесу, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Спорттық іс-шара барысында Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов қатысушыларды айт мерекесімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызына тоқталды. Ол: «20 наурыз –Ұлттық спорт күні. Осы орайда оқу ордамызда спорттық шараларды ұйымдастырған барша спорт жанашырына алғысымды білдіремін. Ұлттық ойындарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – ортақ міндетіміз», – деді.
Келесі кезекте Спорт факультетінің деканы Ермек Ергешұлы мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақыпбек Айдарбекұлы да ақ тілектерін арнады.
Спорттық додалар тартысты, әрі қызықты өтті. Студенттермен қоса, факультет оқытушылары да ойындарға қатысып, күш сынасты. Арқан тартып, қара күштің иелерін анықтады. Бұл ойынды ойнаған студенттер де қуанышқа бөленіп, білек күшін көрсетті. Боз кілемде белдесіп, қол күресіп, әрі тоғызқұмалақ ойынында ой жүрігін анықтаған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бірі садақ атып, мергендік танытса, бірі гір тасын көтеріп, көптің қошеметіне бөленді.
Осылайша, рух пен еркіндік, күш пен бірлік көрініс тапқан алаң спорт сүйер қауымды жігерлендірді. Ұлттық ойындар арқылы жастардың бойында дәстүрге деген қызығушылық пен құрмет нығая түсті.