❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

КӨРНЕКТІ АРХЕОЛОГ МАРАТ ТҰЯҚБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

  • 30.03.2026
  • KZ
  • 671

image

Университетімізде белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Тұяқбаевтың 70 жасқа толуына арналған  «Сырдария өңірінің археологиялық мұрасы: зерттелуі мен нәтижелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Тағылымды жиынды оқу ордамызбен бірге Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы бірлесе ұйымдастырды.

Халықаралық конференцияға еліміздің және алыс-жақын шетелдердің жетекші ғалымдары мен сала мамандары қатысып, Сырдария өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу мәселелерін талқылады. Маңызды жиынға Өзбекстан, Ресей, Татарстан және Қырғызстаннан келген зерттеушілер де қатысып, археология саласындағы өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Конференция барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова мерейтой иесіне құттықтау хат жолдап, жиын жұмысына сәттілік тіледі. 

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы, Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев және профессор Зайнолла Самашев пен профессор Александр Подушкин де ғалымды құттықтап, ғылыми еңбектеріне табыс тіледі. 

Конференция аясында Марат Тұяқбаевтың «Түркістан шұратының қалалары мен қоныстары (б.д.д. VI ғ. – б.д. XIX ғ.)» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Сондай-ақ, конференция баяндамалар мен материалдардың жеке ғылыми жинағы жарық көрді.

Басқосу аясында «Балалық арманнан – ғылымның шыңына» атты көрме ұйымдастырылып, ғалымның өмірі мен еңбек жолына арналған фотокөрме, сондай-ақ археологиялық зерттеулер барысында табылған құнды жәдігерлер ұсынды. 

Халықаралық конференция Марат Тұяқбаевтың  ғылым жолындағы өнегелі еңбегін ұлықтап қана қоймай, археологиялық мұраны зерделеу бағытындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.