❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

«ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЗІМЕН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР (АХИЛІК)» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘДЕНИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ БАСТАЛДЫ

  • 01.04.2026
  • KZ
  • 816

image

Университетімізде «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты Халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум басталды.

Айтулы жиынды оқу ордамыз бен Түркия Республикасы Сауда министрлігі, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығы және Түркістан облысы әкімдігі, Қыршехир Ахи Евран университеті мен Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.

Басты мақсат – түркі әлемінің ортақ құндылықтарын академиялық, мәдени және қоғамдық қырларынан жан-жақты қарастыру.

Айта кетейік, «Ахилік» – тек қана қолөнершілер ұйымы емес, сонымен қатар адалдық, адал табыс, қоғамдық ынтымақ, бауырластық және кәсіби әдепке негізделген қуатты өркениеттік модель. 

Ашылу салтанатында сөз бастаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Бүгінгі іс шара – өңіріміздің мәдениеті мен өнеріне деген зор құрметтің және қолөнерді жаңа деңгейге көтерудің айқын көрінісі. Өткен жылы Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңына қол қойды. Қабылданған Заң қолөнершілердің кәсібін дамытуға және өз өнімдерін ілгерілетуге жол ашады.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың ақпан айында «WCC International» ұйымының сарапшылары Түркістан қаласының қолөнер саласының даму әлеуетін бағалап, аккредитациядан өткізді. Нәтижесінде, «WCC International» шешімімен Түркістан қаласына «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді.

Бүгінгі іс-шара қолөнершілерге тәжірибе алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік береді»,-деді. 

Келесі кезекте, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) төрағасының орынбасары, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы және Анкара қаласының депутаты, профессор, доктор Күршад Зорлу:  

«Құрметті қонақтар мен ғалымдар, сүйікті студенттер! Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Сіздерге Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Эрдоғанның ыстық сәлемін ала келдім.

Бүгін біз осында ортақ тарихи мұрамызды ұлықтау мақсатында аса маңызды мәдени басқосуды өткізіп отырмыз. Өйткені тарих – халықтардың жадын сақтайтын қазына, өркениеттердің тамырлы өзегі әрі болашаққа бағыт беретін мызғымас темірқазығымыз. Уақыты келгенде ашылатын парақтар, қайта жаңғыратын жолдар мен ғасырлар өтсе де сол тәжірибені еске түсіретін бірлік рухы – тарихтың бізге жүктеген жауапкершілігінің көрінісі.

Біз бүгін осы шараны өткізу арқылы тек тарихи жауапкершілігімізді орындап қана қоймай, қазіргі таңда аса қажет болып отырған бірлескен өндіріс пен адамға бағытталған еңбек жүйесін қайта жаңғыртып отырмыз. 

Алдағы мамыр айында Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында осындай тағылымды іс-шараның ұйымдастырылуы оның мазмұнын тереңдете түсетініне сенімдімін. Осы ретте баршаңызды Ахилік қағидаттарын Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық, сауда және институционалдық ынтымақтастыққа енгізуге шақырамын. Бұл бастама Атажұрттан Анадолыға дейінгі кеңістікте жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар, Түркістан өңірі мен Түркия арасындағы сауда байланыстарын арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті органдарға ұсынылады.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясымен қол жеткізілген келісім аясында Түркі дүниесінің І Саяси форумы Түркияда өткізілмек. Елдеріміз арасындағы бауырластық мәңгі жасай берсін! Жасасын Түркі әлемі!»,-деді. 

Одан әрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты және Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор, доктор Дархан Қыдырәлі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті іс-шараға қатысушылар, баршаңызды тұтас түркі жұртына ортақ тұлға, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған мәдени және ғылыми жиынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің есімін ұлықтауға және еңбегін насихаттауға баса мән беріп келеді. Соның аясында ғұламаның зияткерлік мұрасына арналған тың жобалар нәтижелі жүзеге асырылуда. Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанда өтіп жатқан бүгінгі іргелі жиын аталған игі істердің лайықты жалғасы деп қабылдаймыз. Ясауи тұлғасы – түркі бірлігінің рухани символы іспетті. Осындай ортақ тарихи тұлғалардың өсиеттерін бірлесе зерделеу ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтерері анық»,-деген құттықтау хатта.

Жиында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан және Түркияның Астана қаласындағы Бас консулы Мустафа Капучу да ақ тілектерін арнады. 

Келесі кезекте, университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор, доктор Мухиттин Шимшек: «Оқу орнымыздағы бұл залда көп жиын өткіздік. Аптасына кемі бір рет жиын өтетін. Бірақ, бүгінгі жиын мені ерекше толғандырды. 

Бүгінгі іс-шараны  ұйымдастырып, еңбек сіңірген әр адамға ерекше алғыс білдіремін. Бұл ортада белгілі қолөнершілер, мекеме адамдары отыр. Сондықтан, сөз соңында студенттерге айтарым бар. Ахилікте зұлымдық пен ұрлық жоқ. Ахилікте адалдық, сенім мен еңбек бар. Осыны ұмытпаңыздар»,-деді.

Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова: «Спикерлер айтқандай, университетімізде Ясауи бабамыздың рухани мұрасы мен түркі әлемінің интеграциясына үлес қосу мақсатында түрлі мәдени, ғылыми іс-шаралар өтуде. Бірақ, бүгінгі іс-шара – ерекше. Себебі, қос ел арасындағы достық пен рухани байланыстың қаншалықты  маңызды екенін, тарихи тереңдігін сезіндірді.

Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті атанған Ахи Евранның дәстүрі аталған сайын еліміздегі Адал еңбек, Адал табыс, Адал азамат, Әділетті Қазақстан концепциялары еске түседі. Өйткені, бүгін біз түркі-ислам өркениетінің ең терең әрі орнықты құндылықтарының бірі саналатын ирфан, адамгершілік, кәсіптік тәртіп пен қоғамдық ынтымақ ұстанымдарын қайта пайымдау, жаңаша түсіндіру және келешек ұрпаққа аманат ету мақсатында ортақ жауапкершілікті бөлісу үшін бас қосып отырмыз. 

Құрметті қонақтар, біз, Ахмет Ясауи  университеті – білімді хикметпен, академиялық жетістікті моральдық жауапкершілікпен, заманауи ғылымды мәдени тамырлармен ұштастыруды негізгі миссияға айналдырған оқу орны. Қарашаңырақ білім ордамызға тағы да қош келдіңіздер!»,-деді.

Ашылу салтанатынан соң, ахилық дәстүріндегі маңызды рухани рәсімдердің бірі – шед тағу (белдік тағу) салты көпшілікке таныстырылып, оның мәні мен мазмұны кеңінен түсіндірілді. 

Айта кетейік, 1-3 сәуір күндері симпозиум аясында ахилік дәстүрі Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастықта қарастырылып, Түркі әлемінің ортақ мәдени бірегейлігін айқындайтын ғылыми баяндамалар ұсынылады.