«ТАСПАЛАНҒАН ТАРИХ» АТТЫ ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ
Бүгін Түркістан облысының белгілі фотографы, университетіміздің фотошежіреші маманы, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі Нахып Шеріұлы Шинтемировтың 60 жасқа толу мерейтойы аясында «Таспаланған тарих» атты фотокөрме өтті.
Шара «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблінің әуезді күйлерімен басталды. Көрменің ашылуына еліміздің әр өңірінен келген фотографтар, өнер майталмандары мен студенттер жиналды.
Көрмеде автордың ұзақ жылдар бойы түсірген 60-тан астам фототуындысы ұсынылды. Экспозицияда Түркістан қаласының тарихи келбеті, уақыт ағымымен өзгерген бейнесі, сондай-ақ университет өміріндегі маңызды сәттер мен тағылымды оқиғалар көрініс тапқан. Бұл туындылар – оқу орнының ғана емес, тұтас өңірдің рухани-мәдени шежіресін бейнелейтін құнды мұра.
Салтанатты жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Құрметті қонақтарымыз, әріптестеріміз, сүйікті студенттеріміз! Нахып Шеріұлының керемет көрмесінің ашылуына қош келдіңіздер! Өздеріңіз жақсы білесіздер, бір жылда 365 күн болса, біздің университетте жылына 700-ге жуық әртүрлі іс-шара өтеді. Әртүрлі деңгейде: халықаралық, республикалық, өңірлік, университетішілік. Сол іс-шаралардың барлығында адамдар ауысып отырады: халықаралық дәрежедегі маңызды қонақтар, кейде әкімдер келеді, кейде министрліктен өкілдер, түрлі мекемелерден қонақтар болуы мүмкін. Бірақ, бір ғана адам ауыспайды. Ол барлық іс-шараларда бар, сол сәттердің барлығын таспалап, университетіміздің алтын тарихын қалыптастырып, оны ұмытылмастай шежіреге айналдырып, 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүрген – Нақып ағай. Сізге адал еңбегіңіз үшін шексіз алғыс айтамыз», – деді.
Бұдан әрі көрмені ресми түрде ашу үшін ректор Жанар Темірбекова, Академиялық мәселелер жөніндегі вице-ректор Эльмира Идрисова, жауапты хатшы м.а. Эндер Сайын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы және фотокөрме авторы Нахып Шеріұлы ортаға шығып, лента қиды.
Шарада жас ақын Асылжан Есімханұлы өзінің жүрекжарды арнауын оқып, мерейтой иесі Нахып Шинтемировқа құрмет пен ізгі тілектерін жеткізді.
Келесі кезекте фотожурналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы: «Бүгінгі шара үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мамандары мен студенттері осы шаңыраққа арнайы келді. Алматы мен өзге де өңірлерден фотографтар ат терлетіп жетті. Біз Нахып Шеріұлымен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінде ұзақ жылдар бойы елге, ұлтымызға қызмет етсем деген ниетпен бірге еңбек етіп келеміз. Биыл фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толды. Сондықтан бүгінгідей іс-шаралардың көптеп өтуі – үлкен қуаныш! Конференцияның сәтті өтуіне тілектеспін. Осы тұста, маңызды жиынды ұйымдастырған оқу орны басшылығы мен ұжымына алғыс айтамын!», – деді.
«Таспаланған тарих» көрмесі көрерменге тек сурет ұсынып қана қоймай, уақыттың терең қабаттарына үңіліп, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты сезінуге мүмкіндік берді.
Ал шаралар легі ары қарай «Фотография және жасанды интеллект: шығармашылық пен технологияның тоғысуы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.