❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

8 УНИВЕРСИТЕТ – БІР МАҚСАТ: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

  • 02.04.2026
  • KZ
  • 908

image

Бүгін оқу ордамыз бен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті, Қыршехир Ахи Эвран университеті, Карабүк университеті, Невшехир Хажы Бекташ Вели университеті, Сүлейман Демирел университеті, Ығдыр университеті, Измир Бакырчай университеті өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Басқосуға «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) төрағасының орынбасары, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы және Анкара қаласының депутаты, профессор, доктор Күршад Зорлу және Түркияның Астана қаласындағы Бас консулы Мустафа Капучу, Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова қатысты.

Келісімнің басты мақсаты – университеттер арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы байланысты нығайту, сондай-ақ академиялық алмасу арқылы ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастыру.

Айтулы келісімге ректор Жанар Темірбекова мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Мұса Қазым Арыжан, Қыршехир Ахи Эвран университетінің ректоры Мұстафа Қасым Карахожагил, Карабүк университетінің ректоры Фатих Кырышик, Невшехир Хажы Бекташ Вели университетінің ректоры Семих Актекин, Сүлейман Демирел университетінің ректоры Мехмет Салтан, Ығдыр университетінің ректоры Экрем Гүрел, Измир Бакырчай университетінің ректоры Расим Акпынар қол қойды.

Басқосуда сөз бастаған құрметті қонақ Күршад Зорлу: «Бұл маңызды жиынға куә болғаныма қуаныштымын. Ғылым мен білім алаңындағы айтулы келісім аясында жақсы нәтижелерге қол жеткізесіздер деп ойлаймын. Ендігі кезекте, әр университетке артылар жауапкершіліктің салмағы басым, алда атқарар ісі көп. Тек қана сәттілік тілеймін. Ынтамақтастық мәңгі болсын!»,-деді.

Ал, Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек: «Құрметті әріптестер, қазір 8 университеттің ректоры маңызды меморандумға қол қойды. Университеттер келісім аясында тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс жүргізіп, қолдау көрсетеді деп сенемін»,-деді.

«Үш күннен бері ауылымызда той өтіп жатыр. Себебі, оқу ордамыздың төрінде бүгінгідей маңызды жиындар ұйымдастырылды. Бұл –  үлкен қуаныш! Қожа Ахмет Ясауи есіміне ие университетімізде әр қонағымызды зор құрметпен қарсы аламыз. Түркістан – тек Қазақстан үшін емес, түркі дүниесі үшін құны жоғары мекен. Бұл мекенде қаншама халықаралық маңызы жоғары жиындар мен іс-шаралар өтеді. Бүгінгі жиын соның айғағы. Білім ордаларымыз үшін берері көп, дамуға бастайтын келісім түздік. Сондықтан, бізге қолдау көрсеткен баршаға алғыс айтамын!»,-деді ректор Жанар Темірбекова.

Айта кетейік, меморандум аясында тараптар алдағы уақытта оқытушылар мен студенттер алмасуын жүзеге асыруға, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, қашықтықтан және дәстүрлі форматтағы оқу іс-шараларын дамытуға келісті. 

Сонымен қатар, семинарлар мен академиялық кездесулер ұйымдастыру, қысқа мерзімді білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми материалдар мен ақпараттар алмасу бағытында да бірлескен жұмыстар жүргізу жоспары құрылды.

Студенттер алмасу бағдарламасы бір немесе екі семестрді қамтып, білім алушылардың академиялық тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. 

Осылайша тараптар өзара келісілген бағыттар бойынша ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, конференциялар мен түрлі білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға және ортақ академиялық байланысты жүйелі түрде дамытуға уағдаласты.

Бұл тарихи мәні бар келісім екіжақты академиялық байланысты нығайтып қана қоймай, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлескен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз қалады.

Жиын соңында тараптар бір-біріне естелікке сый-сияпаттар табыстап, құрмет көрсетті.