«ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЗІМЕН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР (АХИЛІК)» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘДЕНИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Оқу ордамызда «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты Халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өз мәресіне жетті.
Маңызды жиынды университетіміз бен Түркия Республикасы Сауда министрлігі, «AK Рarti» (Әділет және даму партиясы) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығы және Түркістан облысы әкімдігі, Қыршехир Ахи Евран университеті мен Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
Жабылу салтанатында сөз бастаған «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) төрағасының орынбасары, «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы және Анкара қаласының депутаты, профессор, доктор Күршад Зорлу:
«Түркістан төрінде өте маңызды іс-шара өткіздік. Бұл жұмыстың барлығын қаншама адамның еңбегімен бірлесе атқардық. Басты мақсатымыз – Қожа Ахмет Ясауи мен шәкірті Ахи Эвранның еңбегін қоғамға таныту еді. Осы жолда аянбай еңбек етіп, үлес қосқан жандарға ризашылығымды білдіремін.
Ахмет Ясауи университеті – Қазақстанның маңызы басым оқу ордасы. Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы болса, Ахмет Ясауи университеті де түркі жұртының білім орталығы деп ойлаймын. Осындай іс-шараны өткізуге атсалысқаны үшін оқу орда басшылығы мен ұжымына алғыс айтамын!»,-деді.
Келесі кезекте, қонағымыз ректор Жанар Темірбековаға «Түркі дүниесі ахилік – Құрмет» марапатын табыстады. Айта кетейік, бұл марапат Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек және ҚР Парламенті Сенатының депутаты және Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор, доктор Дархан Қыдырәліге берілді.
Ал, професор Илхан Шахин мен профессор. Мехмет Фатих Көксалға «Түркі дүниесі ахилік – Ғылым» марапатын сыйлады. Одан бөлек, талантты жандарға «Түркі дүниесі ахилік – Қолөнер шебері», «Түркі дүниесі ахилік – Жасдарын» сыйлықтарын ұсынды.
Айта кетейік, симпозиум аясында 4 сессия бойынша ғалымдар маңызды тақырыптарда баяндамалар оқыды. Олар ахилік дәстүрін Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастыра қарастырып, түркі әлемінің ортақ мәдени бірегейлігін айқындайтын ғылыми ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, ахилік стендтерінің ашылу салтанаты өтті. 20-ға жуық қолөнерші өз туындыларын ұсынып, арнайы көрме өткізді. Көрмеде түркі халықтарының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлі қолөнерінің сан қырлы үлгілері кеңінен таныстырылды.
Ал, симпозиум аясында өткен мәдени жиындар барысында концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер қойылып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Түркі әлемінен қонақтар жиылған университетімізде қуанышты әрі маңызды істер жүзеге асты. Соның бірі – оқу ордамыз бен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті, Қыршехир Ахи Эвран университеті, Карабүк университеті, Невшехир Хажы Бекташ Вели университеті, Сүлейман Демирел университеті, Ығдыр университеті, Измир Бакырчай университеті өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Осылайша симпозиум түркі дүниесінің рухани, мәдени және ғылыми байланыстарын нығайтуға зор үлес қосты. Ауқымды іс-шара аясында қалыптасқан серіктестік пен ортақ бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, нәтижелі жобаларға ұласары сөзсіз.