ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – ӘЗ НАУРЫЗ ТОЙЛАНДЫ
Бүгін университетімізде Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы құрметіне арналған дәстүрлі салтанатты шара өтті. Оқу орны ұжымы құрметті қонақтар және студенттермен бірге тарихи тамыры терең, түркі халықтарына ортақ мерекені кең көлемде атап өтті.
Мерекелік шараға арнайы «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы, Анкара қаласының депутаты, профессор, доктор Күршад Зорлу бастаған Түркі елдерінен келген мәртебелі қонақтар қатысты. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен фотограф мамандар да ортақ қуанышқа куә болып, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүріне тереңірек қанықты.
Ең алдымен, жиналған қауым Ұлттық ойындар алаңына бет алып, халқымыздың төл ойындарының қызығына куә болды. Алтыбақан тербеліп, тоғызқұмалақ пен шахматтан зияткерлік тартыс өрбіді. Асық ойынына студенттер мен қонақтар белсене қатысып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, боз кілемде белдескен спортшы студенттердің тартысты күресі көпшілік назарын аударып, ұлттық спорттың рухын асқақтатты.
Бұдан әрі ұлттық салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталды. Қонақтар қазақы тәрбиенің тағылымын танытатын «Тұсаукесер» рәсіміне қатысып, сәбилердің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. Сонымен қатар бесікке салу, беташар сынды тағылымы терең ғұрыптар сахналанып, көрермендерге ата-баба мұрасының мән-маңызы әсерлі түрде жеткізілді.
Бұған қоса, алаңда ұлттық өнер мен қолөнер көрмелері ұйымдастырылып, суретшілер мен шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер түркі халықтарының бай рухани мұрасын бейнелейтін әсерлі қойылымдарды тамашалап, ұлттық болмыстың тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Наурыз мерекесі университет өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласып, Қыдыр атаның ақ батасымен басталды. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі Түркештің күйі «Көңілашар», Құрманғазының күйі «Естай», Бәден Айсыновтың күйі «Наурыз», «Наурыз думан» сынды бірқатар ән мен күйді нақышына келтіріп орындады.
«Бисұлтан» би ансамблінің бишілері «Сырлы қыздар» және «Қара жорға» билерін мың бұрала билеп, сахна көркін қыздырды. Университеттің өнерпаз жастары Естайдың термесін, «Сәйгүлік», «Дүрдараз» әндерін әуелете шырқап, мерекелік көңіл-күйді асқақтата түсті. Кеш соңында орындалған «Наурыз» әні думанды думанға ұластырып, барша жиналған қауымды ортақ шаттыққа бөледі.
Шара барысында университет ұжымы мен қонақтар алаңға тігілген киіз үйлерге жайғасып, кең жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Негізгі ас – наурыз көже ұсынылып, түрлі ұлттардың тағамдары да таныстырылды. Киіз үй ішінде шырқалған әсем әндер мен күмбірлеген күйлер ұлттық рухты асқақтатып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Түркі әлемінің ұлық мерекесінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ән мен биден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.