❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҮНДЕСТІГІ: ӨЗБЕК ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

  • 21.04.2026
  • KZ
  • 891

image

Бүгін оқу ордамыз бен Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институты арасындағы шығармашылық байланыс аясында мәдени іс-шара өтті.

Атап айтқанда, Өнер, медиа және дизайн факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында өзбекстандық өнерпаздар ұлттық нақыштағы концерттік бағдарлама ұсынды. Бауырлас мемлекеттен келген делегация қатарында оқытушы-профессорлар мен студенттер де бар.

Іс-шараны бастау үшін сөз тізгінін алған Өнер, медиа және дизайн факультетінің деканы Дархан Елжанов: «Құрметті әріптестер, сүйікті студенттер! Бүгін университетімізге көрші мемлекеттен, белгілі  Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының ұстаздары мен шәкірттері арнайы келіп, қонақ болуда. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына іссапармен барған еді. Бүгін ол жақтан арнайы ат басын бұрған бауырлас әріптестеріміз бен жастарды қарсы алғанымызға қуаныштымыз! Әріптестеріміз өзбек халқының ұлттық аспаптарында ойнап, таныстырып, қыр-сырын үйретуге ниеттеніп келді. Сондықтан, оларға ерекше алғыс айтамыз!»,-деді.  

Концерт барысында өнерлі жандар өзбек ұлтының ұлттық аспаптары: дутар, сырнай, кошнай,  сыбызғы, шаңқобыз, дойра сияқты өзге де аспаптарда өнер көрсетті.  Әрбір музыкалық аспапқа жеке тоқталып, олардың шығу тарихы мен құрылымы туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, студенттерге «Түркі аспаптар» пәні бойынша маңызды әрі пайдалы ақпараттар берді. 

Қонақтар сахна төрінде тек өзбек халқының ғана емес, қарақалпақ, әзірбайжан, түрік, қазақ әндерін орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Көрермен қауым, ән тыңдап, құлақ құрышын қандырып қана қоймай, мың бұралған бишілердің биін тамашалады.

Әуелеген ән мен аспаптардың қоңыр үні кештің сәнін кіргізді. Осылайша, іс-шара бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, студенттердің рухани танымын кеңейтуге үлкен үлес қосты.