❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

IN-MAP: УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ МЕМЛЕТТІК МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • 20.04.2026
  • KZ
  • 312

image

Түркістан облысы әкімі орынбасарының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, университетіміздің YASAWI STARTUP бағдарламасының 8-ағыны аясында жаңа цифрлық жоба – IN-MAP іске қосылуда. Өңірдің индустриалды және инвестициялық даму үдерістерін цифрландыруға бағытталған жаңа цифрлық шешім мемлекеттік мекеме басшыларына таныстырылды.

Басқосуға Түркістан облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысып, платформаның мүмкіндіктерімен танысты.

Кездесу барысында оқу орнымыздың цифрлық офицері Абылай Тастанбеков жүйенің жұмыс істеу қағидаларын жан-жақты түсіндірді.

Аталған платформа облыстың өнеркәсіптік, инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетін бір жүйеге біріктіретін бірыңғай цифрлық карта ретінде ұсынылды.

Жүйе арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, инвестициялық жобалар мен жер қойнауын пайдалану салалары бойынша деректерді нақты уақыт режимінде мониторингтеуге, талдауға және басқаруға мүмкіндік береді.

In-Map өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылауға, жауапты мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға жағдай жасайды.

Жалпы,  In-Map Түркістан облысының индустриалды дамуын жаңа деңгейге көтеруге, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық цифрлық құрал ретінде бағаланды.

Жоба аясында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.