❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

«ТҰРАН ДАУЫСЫ – 2026» ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

  • 21.04.2026
  • KZ
  • 825

image

Университетімізде оқытушы-профессорлар құрамы мен әкімшілік қызметкерлер арасында дәстүрлі «Тұран дауысы – 2026» ән байқауы өтті. 

Сайыстың мақсаты – университет қызметкерлерінің әнге деген сүйіспеншілігін арттыру. Ән арқылы қазақ болмысын таныту, әрі ән әлемінде еркін самғауға мүмкіндік беру. 

Байқауға университет қызметкерлері арасынан 7 өнерпаз қатысты. Екі кезеңнен тұратын ән байқауының бірінші кезеңі патриоттық әндердің бірін таңдап орындау болса, екінші кезеңде еркін тақырыпта ән орындау.

Қазылар алқасының құрамында «Ақжайық» музыкалық мектебінің ұстазы Исамиддин Низамов және белгілі жетігенші, «Атамекен» ұлттық аспаптар ансамблінің мүшесі Жанар Абажанова, Өнер медиа және дизайн факультетінің Ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Меңдіғани Жүсіпбаев болды. 

Байқаудың бірінші кезеңінде өнерпаз қызметкерлер «Әлия», «Туған жер», «Сәлем саған туған ел», «Қазағымсың», «Атамекен», «Алтын бесік», «Сарыжайлау» әндерін құйқылжыта шырқады. Екінші кезеңде «Жолыққан қандай жақсы», «Өзің барда», Аяулым», «Алтыным» сынды қазақ ақындары мен сазгерлерінің әндерімен құлақ құрышын қандырды. 

Сонымен қатар халық әні «Еркемай», «Любовь настала» және «Hold me for a while» әндерін шебер орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Сайыс нәтижесі бойынша бас жүлдені «Филология» факультеті, Қазақ филологиясы кафедрасының PHD, доцент м.а. Гүлжанат Абиханова жеңіп алды.

Ал, жүлделі I орынды Теология факультеті, Филолсофия кафедрасының оқытушысы Светлана Күзембаева иемденсе, II орынды «Филология» факультеті, Орыс тілі және әдебиеті кафедрасы зертханашысы Ғазиза Ермахан иемденді. Мәдениет орталығының кіші қызметкері Гүлжан Мырза III орынды қанжығасына байлады.

Өзге де таланатты өнерпаздардан мәдениет орталығының дыбыс операторы Бақдәулет Жұмағұл, «Көрермен көзайымы», 3-жатақхана кезекші қызметкері Пернетай Нұрмышева «Ән бұлбұлы», Медицина факультеті Хирургиялық аурулар кафедрасы маманы Гүлмира Тойлыбаева «Күміс көмей» сынды номинацияларға ие болды.

Айта кетейік, қатысушылар арасында Тұран дауысы байқауының алдыңғы маусымдарында өнер көрсеткендер де бар.

Кеш барысында қатысушылар патриоттық, лирикалық әндер мен халық әндері және әлемдік классика туындыларын орындады. Университет қызметкерлері бақ сынаған бұл сайыста, көрермендер ерекше әсерге бөленді.