❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ ФИЗИКА БІЛІМ БЕРУІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

  • 23.04.2026
  • KZ
  • 252

image

Университетімізде өтіп жатқан Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Білім алушылардың икемді дағдыларын дамыту контексіндегі физика білім беруінің заманауи мәселелері: зерттеулер, шешу жолдары және ғылыми ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Ғылыми басқосуға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, профессорлар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жас зерттеушілер қатысты. Қатысушылар білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – білім алушылардың икемді дағдыларын (soft skills) қалыптастыру мәселесін жан-жақты талқылады.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – физика білім беруінде заманауи ғылыми көзқарастарды саралау, тәжірибе алмасу, тиімді әдіс-тәсілдерді талқылау және алдағы ғылыми-педагогикалық ынтымақтастықтың бағыттарын айқындау.

Жиын барысында қатысушылар физика пәнін оқыту тек теориялық біліммен шектелмеуі тиіс екенін атап өтіп, қазіргі білім беру үдерісінде оқушылардың сыни ойлау, шығармашылық қабілет, коммуникация, топпен жұмыс істеу дағдылары мен зерттеушілік және инженерлік ойлауын дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Алғашқы мәселе ретінде ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыру контексіндегі физика білім беруінің өзекті мәселелері қарастырылды. Бұл бағытта білім мазмұнын жаңарту, оқыту әдістерін жетілдіру және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары талқыланды.

Келесі кезекте білім алушылардың икемді дағдыларын қалыптастырудың заманауи тәсілдері мен оларды дамыту жолдары бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар тәжірибелік мысалдар келтіріп, білім беру процесіне инновациялық педагогикалық әдістерді енгізудің маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің маңызды бағыттарының бірі – физика білім беру саласындағы ғылыми қауымдастық құру мәселесі болды. Қатысушылар бұл бастаманың өзектілігін қолдап, оның негізгі мақсаттары мен міндеттерін, құрылымы мен болашақ қызмет бағыттарын талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша физика білім беруі саласындағы зерттеушілер мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және академиялық серіктестікті нығайту мақсатында ғылыми-әдістемелік қауымдастық құру туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Жалпы, дөңгелек үстел мазмұнды ғылыми диалог алаңына айналып, білім беру жүйесін жаңғырту, зерттеулер сапасын арттыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды қадам болды.