ОҚУ ОРДАМЫЗДА ЕЛОРДАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ТЕАТР ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Оқу ордамызда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының актерларымен кездесу өтті. Жүздесуге театрдың талантты әртістері – Ақмарал Танабаева, Бәзіл Сұлтанғазы, Бейбарыс Орман, Сұлтан Тұрсынбеков және Бекарыс Шалқар қатысып, студенттермен еркін форматта пікір алмасты.
Шараның модераторы – республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР мәдениет үздігі Мақсат Айтжанов болды.
Ұлттық театр актерлары театр өнерінің қасиеті мен әртіске берер тәлімі, практикалық тәжірибесі мен мол мұрасы жайлы тереңінен баяндады. Студенттік шақтары мен жас актер ретінде алғаш сахнаға шыққан сәттерін еске алды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Құрметті қонақтар, қош келдіңіздер! Біздің университетімізде 10 000-ға жуық студентіміз бар, оның 1000-нан астамы – бауырлас елдерден келген жастар. 2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы, университетіміздің студенттеріне керемет мүмкіндік ашылды. Соның бірі – студенттердің танымал ғалымдармен, білікті ұстаздармен және өнер майталмандарымен кездесуі. Театр – ол өз алдына үлкен әлем. Себебі сахнада көрермен тірі өнерді, шынайы сезімді көреді. Сондықтан жастар жеңіл дүниеге емес, мәнді әрі мазмұнды өнерге ұмтылуы тиіс» ,-деді.
Кездесу барысында студенттер қонақтарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Әртістердің қызығы мен қиындығы мол өнер жолы туралы естеліктерін тыңдады.
Іс-шара соңында вице-ректоры Еділ Төлегенов құрметті қонақтарға алғыс айтып, арнайы сыйлықтарды табыстады.