СТРАТЕГИЯНЫҢ МИССИЯСЫ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕК КЕЛБЕТІН ТАЛҚЫЛАУҒА АРНАЛҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ

  • 24.11.2023
  • KZ

image

Бүгін университетіміздің кітапхана залында Стратегияның миссиясы және келешек келбетін талқылау мәжілісі өтті. Шараға оқу орда басшылығы, ОПҚ мен қызметкерлер қатысты.

Мәжілісте университет ректоры Жанар Темірбекова стратегиялық жоспар құрудың негізгі қағидаттары жайында айтты.

— Стратегиялық жоспар құрудың өзі ілгеріде басталған, тіпті елу жылға арналған жоспарлар болған. Алайда қазіргі таңдағы түрлі дүниелерге байланысты страгетиялық жоспарлар өзгеріп отыратын болды. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты- университет стратегиясының миссиясы және келешек келбетін жасауда, сіздердің пікірлеріңізді тыңдау, лайықты деген ұсыныстарды оған кірістіру. Себебі қазақта әдемі сөз бар, «келісіп пішілген тон келте болмас» деген. Әрине бірінші кезекте жаңартылатын стратегиялық жоспарда құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек. Екінші кезекте, миссияны оқыған кезде біздің оқытушылар мен студент жастарымыз, мынау біздің университеттің миссиясы, келешек келбеті осы деп топ ортада тайға таңба басқандай етіп айта алатындай қысқа да нұсқа болуы керек,- деді.

Сонымен қатар, Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Есімбекқызы тақырыпқа байланысты презентация жасап ОПҚ құрамымен ойын өткізді. Онда қатысушылар өздерін сенімді түрде таныстырып, ортаны сендіре алатындай, сөзі де ісі де нық жұлдыз болуы керек. Он топтан құралған қызметкерлерден бір лидер шығып жиналғандарды расымен жұлдыз екендіктеріне сендіре білді. Бұлай сергітудің негізгі мақсаты, өзіне де өзгеге де сенімділікті ұялату, көпшілік ортада емін-еркін пікірталасқа оңай түсу, өз позициясын соңына дейін қорғап шығуды үйрету.

Осылайша өрбіген мәжілісте университет стратегиясының миссиясына қатысушылар өз ұсыныстарын арнайы тақтайшаға жазып, түсіндіріп, қорғап шықты. Он топтан құралған командалардан құндылықтарымыз бен бағдарлы мақсатты айқындайтын мықты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ талқылауға түскен пікірлерде назардан тыс қалмады.