Республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті студенттері тағы бір мәрте өз білімдері мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Аталған оқу орнының Конституциялық құқық және Азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі Першеев Алишер жетекшілігімен 3-курс білімгерлері республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
26.04.2026ж.
Аталған олимпиада Caspian University базасында «Құқық» мамандығы бойынша өтті. Білім бәйгесінің басты мақсаты – дарынды студенттерді анықтау, олардың кәсіби қабілеттерін дамыту және құқық саласына қызығушылығын арттыру болды.
Олимпиада барысында қатысушылар теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларын, құқықтық мәселелерді шешу қабілетін де көрсете білді. Университет намысын қорғаған 3-курс студенттері жауапкершілік пен табандылық танытып, өздерінің жан-жақты дайындалғанын дәлелдеді.
Жетекші Першеев Алишер білімгерлерге бағыт-бағдар беріп, олардың ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан өсуіне үлкен үлес қосты. Осындай жарыстар студенттердің кәсіби қалыптасуына, болашақ заңгер ретінде шыңдалуына маңызды ықпал етеді.
Бұл жетістік – тек студенттердің ғана емес, сондай-ақ университеттің сапалы білім беру жүйесінің нәтижесі. Алдағы уақытта да білімгерлеріміз осындай байқауларда белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген сенім мол.