АКАДЕМИК ЛЕСБЕК ТАШИМОВ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

  • 13.05.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды.

Шараға Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ғалымның жанұясы, әріптестес достары, университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Шара Лесбек Ташимов туралы әзірленген видеороликпен басталды.

Алғаш сөз алған Жанар Темірбекова: «Университетімізді ұзақ жылдар бойы басқарып, оқу орнының өсіп-өркендеуінде Лесбек Тәшімұлының еңбегі орасан зор. Ғылымды жанындай сүйетін, тау тұлға Лесбек ағамыздың еңбек жолы баршамызға үлгі. Біз университет ұжымы ағайдың елеулі еңбегін бір күн болсын естен шығармадық»,- деді.

Ректор Лесбек Тәшімұлының білікті басшы, іскер азамат және мәлігер тұлға болғанын айрықша атап өтті.

Осы жиынға Түркиядан арнайы келген Мухиттин Шимшек досы әрі әріптесі болған акамедик жайында жылы естіліктерімен бөлісті.

«Лесбек досымыздың атында мұндай дәрісхананың ашылуы – өте маңызы бар іс. Өз ұлтына да, түркі жұртына да қалтқысыз қызмет еткен досымыздың мұнда ағасы, ұл-қызы, немересі келіп отыр. Лесбекті сыйлап осы жиынға қатысып отырған барлықтарыңызға ұзақ өмір тілеймін. Қазақ пен түрік халықтарының достығы нығая берсін»,- деп, лебізін білдірді.

Университетке ғана емес Түркістан облысына өлшеусіз үлес қосқан ерен азамат жайлы Бейсен Тәжібаев: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген қанатты сөз Лесбек ағамызға арнап айтылғандай. Қоғамдағы азаматтық болмысы, қайраткерлік тұлғасы мақтауға лайық. Ғалым сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ғылым, білім, басқа да өзекті мәселермен тікелей айналысты. Сол арқылы бірнеше мәрте облыс депутаты болды. Осындай біртуар тұлғаны ұлықтап, арнайы дәрісхана ашып жатқан университет басшылығына, Ташимовтар әулетіне алғыс айтамын»,- деді.

Сондай-ақ, Лесбек Ташимовтың ағасы Жанұзақ Тоқыбетов, әріптесі Шәріпбек Жамалбеков, профессор, математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмуд Садыбеков және өзгелері естеліктерімен бөлісіп, алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, Лесбек Ташимов 1997-1998 жылдар аралығында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президентінің кеңесшісі, 1998-2003 жылдары университетіміздің Шымкент бөлімшесінің директоры, 2003-2004 жылдары ХҚТУ Шымкент институтының директоры қызметтерін атқарды. Ал 2008-2013 жылдары оқу ордамыздың ректоры болған еді.