ТҮРКИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ САЙЛАУ КЕҢЕСІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 13.05.2024
  • KZ

image

Бүгін Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесі университетімізде қонақ болды.

Жиынға Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман, Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы, Жоғары Сот мүшесі Ахмет Йенер, Жоғары сайлау кеңесінің мүшесі, Жоғары Сот мүшесі Фейзи Ероғлу, Жоғары сайлау мүшесі, Жоғары Сот мүшесі Талип Бакыр, Жоғары сайлау кеңесінің мүшесі, Мемлекеттік кеңес мүшесі Исмаил Календер, Жоғары сайлау кеңесінің сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі Халит Филиз, доктор доцент Режаи Акйел Конституциялық сот мүшесі, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілінің міндетін атқарушы Наджи Генч, қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Нурсой, ОҚП құрамы және студенттер қатысты. 

Жиында алғаш сөз бастаған Мухиттин Шимшек: “40 ұлт пен ұлыстың басын қосқан университетімізге осындай маңызды тұлғалардың келуі - біз үшін үлкен мәртебе. Сайлау ісі қай елдің болмасын саясатында үлкен рөл атқарады. Осынау маңызды жұмысты жауапкершілікпен атқарып жүрген жандармен университетімізде жолыққанымызға қуаныштымыз”,-деді.

Ректор Жанар Темірбекова: “Алыстан ат арылтып келген қонақтарымызға қош келдіңіздер дейміз. Сіздермен жолығу біздің студенттеріміз үшін айрықша маңызға ие. Біздің университеттің ерекшелігі де осы қос елдің ерен тұлғалары, маңызды өкілдері біздің қонағымыз болып, студенттерімізбен жолығады”,- деп ыстық лебізін білдірді.

Келесі кезекте ректор өкілінің міндетін атқарушы Наджи Генч университет ұжымы мен студенттері атынан қонақтарға алтын уақыттарын бөліп келгендігіне алғысын жеткізді.

Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы, Жоғарғы Сот мүшесі Ахмет Йенер: “Сайлау жүйесі кез-келген елде маңызды процесс. Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толғанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Алайда біздің достығымыз тарих қойнауынан басталады. Осы тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, қос ел үшін де бұл университет маңызды. Ата жұртқа деген сағынышымыз басылар емес. Осындай киелі мекенде бой көтерген, ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің атын иеленген оқу ордасының гүлдене беретіндігіне сенеміз”,- деді.

Жоғары сайлау кеңесінің басқа да мүшелері қонақжайлығы үшін университет ұжымына алғысын білдірді.

Мұхтар Ерман өз сөзінде еліміздегі сайлау жүйесі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, университет кітапханасы кітаптар табыстады.

Кездесу соңында қонақтарға арнайы шапан кигізіп, сый-сияпаттар табысталды.

Сонымен қатар, қонақтар университет мұражайларын, ботаникалық бақты аралады. Ботаникалық бағымызда ағаш екті.