ЖУРНАЛИСТИКА КАФЕДРАСЫНА – 30 ЖЫЛ!

  • 14.05.2024
  • KZ

image

Биыл университетімізде Журналистика кафедрасының құрылғанына – 30 жыл толды. Бүгін оқу ордамызда кафедраның айтулы мерейтойына орай «Медиадағы білім беру процесіндегі проблемалар мен жаңа тенденциялар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы мен түлектердің кездесу кеші өтті.

Журналистика кафедрасы құрылған күннен бері билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған, бәсекеге қабілетті БАҚ-тың үздік өкілдері саналатын журналист мамандарды даярлап келеді. 

Мерейтой ғылыми-практикалық конференциямен бастау алды. Жиынға университет басшылығы мен кафедраның түлектері, еліміздің әр өңірі мен шетелдерде қызмет етіп жүрген журналистер мен зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.

Алқалы жиында алғашқы сөз тізгінін алған университет ректоры Жанар Темірбекова:

«Ардақты кафедра ұжымы, ардагер ұстаздарымыз, құрметті түлектер, баршаңызға университетіміздің ең маңызды кафедраларының бірі – Журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! 

1994 жылы еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы үшінші Журналистика кафедрасы біздің университетімізде құрылды. Сол тұста, Түркістанда жаңадан құрылған университетте Журналистика кафедрасын ашу үлкен батырлық еді. Кадр тапшылығы және өзге де қиындыққа қарамастан, рухани астанадан журналистика майталмандарын дайындап шығамыз деген азаматтар болды. Олардың бірі Сейдулла Садықов ағамызға кафедра ашу міндеті жүктеліп, сол бақыт бұйырды деп айта аламыз»,- деді. 

Сонымен қатар, ректорымыз кафедрада ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер ұстаздардың есімдерін атап, алғыс білдірді. Кафедраның бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен болашақ журналистерге университет тарапынан берілген мол мүмкіндіктер туралы баяндады. Радиостудия, телестудия, аудиториялардың ашылуы мен студенттердің арнайы бағдарламалармен Түркияда өндірістік іс-тәжірибеден өтуі сияқты өзге де жаңа бастамалар жайлы айтты. 

Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Наджи Генч кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерін, түлектер қауымын мерейтоймен құттықтады. Журналистика саласының әлемде алатын орны мен төртінші билік өкілдерінің қажырлы еңбегін тарқата айтты.

Конференцияда онлайн байланыс арқылы Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректор кеңесшісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашева, Нью-Йорк киноакадемиясының профессоры Роберт Ферреро және т.б тұлғалар құттықтау тілектерін айтты.

Шара соңында кафедраның оқытушы-профессорлары баяндамалар оқыды.

Журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойы түлектердің кездесу кешімен жалғасты.

Ректор Жанар Темірбекова бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет етіп жүрген, елге танымал түлектерге арнайы төсбелгі табыстады. 

Ал, әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев кафедраның негізін қалаған профессор Сейдулла Садықовты, профессор Бекжігіт Сердәлі, кафедра меңгерушісі Алия Бельдибекова бастаған оқытушыларды арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Түлектер кездесуінде кафедраның алғашқы және кейінгі түлектері әннен шашу шашты. Сондай-ақ, кафедраның қазіргі 1-4 курс студенттері де өз өнерлерін ортаға салды. 

Кеш соңында араға жылдар салып, өздері оқыған білім ордасына келген түлектер ұстаздар қауымы мен университет басшылығына ризашылықтарын білдіріп, сый-сияпаттар табыстады.