❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

СЕМИНАРЛАР СЕРИЯСЫНЫҢ 2-ШІ МОДУЛІ ӨТТІ

  • 28.04.2026
  • KZ
  • 413

image

Бүгін оқу ордамызда Ғылым айлығы аясында ұйымдастырылған семинарлар сериясының 2-ші модулі өтті. Семинар «Ұлттық ғылыми жобаларға өтінімдер беру стратегиялары мен критерийлері ІІ» тақырыбында жалғасын тапты.

Жиынды Ғылым департаментінің директоры, PhD Хайрулла Масадиков ашып, ғылыми жобаларды сапалы әзірлеудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өтінімдерді тапсыру барысында болатын түзету кезеңінде уақыттың тығыздығы жобаның бастапқы сапасына тікелей байланысты. Сонымен қатар, жобаның табысты болуы ғылыми топтың әлеуетіне, жетекшінің тәжірибесіне, халықаралық деңгейдегі жарияланымдары мен беделіне тәуелді екенін атап өтті. Шетелдік ғалымдарды тарту, олардың Хирша индексі мен академиялық беделі жобаның сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды факторлар екенін айтты.

Сондай-ақ университеттің Гарвард, Кембридж, Болгария жоғары оқу орындарымен және АҚШ, Еуропа, Азия, Катар елдерімен бірлескен жобалары жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

Семинар барысында тәжірибелі ғалымдар жас зерттеушілерге бағыт-бағдар берді. 

PhD, Жаратылыстану ғылымдары факультеті Физика кафедрасының доценті Шерзод Раманкулов «Ғылыми команда қалыптастыру және халықаралық коллаборацияның маңызы» және «Бюджет және ресурс жоспарлау» тақырыптарында баяндама жасады. Ол ғылыми топ құрылымы (PI, зерттеушілер, жас ғалымдар), шетелдік серіктестерді тарту, интердисциплинарлық зерттеулер мен академиялық мобильділік мәселелерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Сонымен қатар жобаларды жүзеге асырудағы шығындарды негіздеу, еңбек ақы, құрал-жабдықтар, іссапар және қаржылық талаптарды дұрыс жоспарлау қажеттігіне тоқталды. Ғылымда табысқа жету үшін үздіксіз ізденіс пен тәжірибе маңызды екені атап өтті.

Келесі кезекте PhD, Жаратылыстану ғылымдары факультеті Физика кафедрасының доценті, зерттеуші Индира Усембаева «Өтінімдерді қайта қарау және толықтыру процесін үйлестіру» тақырыбында баяндама жасады.  Өтінімдердің қайтарылу себептерін талдап берді. Оның ішінде құжаттардың толық болмауы, талаптарға сәйкес келмеуі, техникалық қателіктер және сараптамалық ескертулермен жұмыс жүргізу тәртібін кеңінен түсіндірді. Жоба жұмысына қажетті лайфхактар мен тиімді әдістерді ұсынды.

Ал PhD, Археология ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Бағдаулет Сыздықов «Сарапшылардың бағалау логикасы» тақырыбындағы баяндамасында жобаларға рецензент көзімен қарау және өтінімді күшейту тәсілдерін бөлісті. 

Семинар қорытындысында жас ғалымдар мен докторанттар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, ғылыми жобалар әзірлеу бойынша маңызды ақпараттарды білді. 

Екі күн қатарынан ұйымдастырылған семинарда спикерлер ұлттық жобаларға өтінім беру жөнінде тағылымды ақпарат берді. Ал, семинарлар сериясының келесі модульдері 29–30 сәуір күндері өтеді. Бұл жиында спикерлер «Халықаралық ғылыми жобаларға өтінім беру: стратегиялар мен критерийлер» жөнінде баяндама жасайды.