«СУДЫ ҮНЕМДЕ – БОЛАШАҚТЫ САҚТА» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКО-САҒАТ ӨТТІ
Оқу ордамызда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындардың студенттеріне арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ауқымды жобасы аясында республикалық эко-сағат өтті.
Айтулы жиын Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі стратегиялық басымдықтарға негізделді.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің су ресурстарына саналы әрі жауапты көзқарасын қалыптастыру, тиімді су тұтыну туралы білім деңгейін арттыру, экологиялық мәдениетті дамыту және күнделікті өмірде, сондай-ақ болашақ кәсіби қызметінде суды тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіру.
Жиынға өңірдегі университеттер мен колледж студенттері оффлайн және онлайн форматта қатысты.
Басқосу модераторы – Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болды.
Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін сіздермен ерекше себеппен басқостық. Эко-сағат еліміздің барлық жоғары оқу орындарында өтіп жатыр.
Су – адам өмірінің негізі. Ол жоқ жерде тіршілік жоқ. Біздегі үлкен мәселе – су таусылмайды деп ойлаймыз. Ал, шын мәнінде соңғы 50 жылда ғалымдар дүниежүзі бойынша су ресурстары азайып бара жатқанын айтуда. Суды көп пайдалану салдарынан су ресурстарының азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде»,-деді. Сонымен қатар, су дипломатиясы мен оның Орталық Азиядағы маңызы жайлы ой бөлісті.
Келесі кезекте, Қазақстан су шаруашылығы республикалық мекемесінің басшы орынбасары Ибадулла Мырзаев: «Су – экологиялық тақырып қана емес, сонымен қатар елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің мәселесі. Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді пайдалану – еліміздің тұрақты дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Қазақстан су ресурстары шектеулі елдердің қатарына жатады. Сондықтан суды үнемдеу мемлекетке де, экономика мен әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік»,-деді.
Ал, Ботаникалық бақ ҒЗИ-ның директоры Бекзат Мырзабеков «Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі және оны шешудің ғылыми жолдары» тақырыбында баяндама оқыды.
Тұрақты даму ҒЗИ-ның директоры Тулкинжон Гаипов тұрақты даму мақсаттары аясында су ресурстарын басқарудың ғылыми-тәжірибелік аспектілері жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, жиында 3-курс студенті Ақбота Қуандық та су көздерін сақтау, үнемдеп пайдаланудың маңызы туралы терең талдау жүргізді.
Эко-сағат соңында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық сананы арттыруға белсене үлес қосып жүрген оқытушыларымыз бен студенттер ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапатты Тарифтік саясатты реттеу департаменті директорының орынбасары Рустам Құнанбаев табыстады.