РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

  • 20.05.2024
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда 19 мамыр - Түркия Республикасы спорт және жастар мейрамы күніне орай ұйымдастырылған университет студенттерінің 2024 жылғы республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Айтулы іс-шараға Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен университет ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, факультет декандары мен оқытушы-профессорлары, студенттер қатысты.

Жиында алғашқы сөз тізгінін алған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек барша жеңімпаздарды құттықтап, студенттермен жүздескеніне қуанышты екенін айтты. 

«Құрметті студенттер, сіздер біздің көз қуанышымызға айналған, оқу ордамыздың мақтанышысыздар! Бүгін болашақ өнер адамдары мен спортшыларға, барша студенттерге мол мүмкіндіктер ұсынылып, әдемі сахналар мен аудиториялардан бастап, университеттің әсемдене, гүлдене түскенінің куәсі болдық. Осы уақытқа дейін оқу ордамыздан 92 270 түлек түлеп ұшып, ел үшін маңызды түрлі қызметтерді атқаруда. Сіздерде алдағы уақытта түлектер ізімен, әр бағытта, білікті маман ретінде қызмет атқарасыздар деп сенеміз!»,-деді. 

Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова да үздік деп танылған студенттерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Оқу орда студенттерге болашақта өз істерінің мықты маманы болуы үшін бар мүмкіндіктерді ұсынатынын атады. Сондай-ақ, білімді жастар, берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, биік шыңдардан көрінетініне сенім білдірді.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған республикалық пәндік олимпиада да топ жарған, білімді жастарды Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова арнайы марапаттады.

Марапаттау кеші соңында Актерлік өнер мамандығы студенттері «Аладдин» мюзиклінен, «Ясауи жолы» спектаклінен үзінділер сахналады. 

Сонымен қатар, талантты жастар рухты өлең жолдарын мәнерлеп оқып, ән шырқап, би биледі. Жиылған көрермен қауымға мерекелік көңіл мен рухани леп сыйлады.