❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

«DIGITAL LAW HACKATHON 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ХАКАТОН ӨТТІ

  • 30.04.2026
  • KZ
  • 440

image

Оқу ордамызда «Digital Law Hackathon 2026» атты республикалық хакатон өтті. 

Аталған шараны Заң факультеті мен Коммерцияландыру офисі бірлесіп ұйымдастырды.

Хакатонның басты мақсаты – жаңа Конституцияда айқын көрініс тапқан цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту бағытындағы бастамаларды қолдау.

Сонымен қатар, дарынды студент жастарды анықтау, цифрлық құқық пен киберқауіпсіздік саласындағы болашақ мамандардың кәсіби қабілеттерін дамыту, киберқылмыстардың алдын алу мен оларды тергеуге арналған инновациялық шешімдер ұсынатын командаларды қалыптастыру.

Жиында сөз бастаған Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова: «Құрметті әріптестер, сүйікті студенттер және қадірлі қонақтар! Қазақтың киелі шаңырағы – Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қош келдіңіздер! Бүгінгі шара нарық сұранысынан туындаған өзекті бастама. Өйткені цифрлық даму өзімен бірге түрлі қауіп-қатерлерді де ала келуде. Осындай жағдайда құқық саласындағы инновациялық идеялардың маңызы ерекше арта түседі.

Сондықтан бұл хакатон – бүгінгі жастарымыздың жаңа идеяларын ұсынатын, құқық саласын таңдап, осы бағытта өздерін дамытатын жас буынның білім мен тың бастамалары тоғысатын бірегей алаң. Мұнда сіздер өз білімдеріңізді шыңдап қана қоймай, креативті ойларыңызды нақты жобалар арқылы көрсете аласыздар деп сенеміз. Бүгінгі додада әрқайсыларыңыз өз мүмкіндіктеріңізді толық танытып, үздік нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін. Баршаңызға сәттілік! Ең мықтылар жеңсін!»,-деді.

Келесі кезекте Заң факультетінің деканы Алия Қасымбек «Бүгін біз еліміз бойынша алғаш рет цифрлық құқық хакатонын өткізіп жатырмыз. Цифрлық құқық хакатонын өткізудің ең басты мақсаттарының бірі – 15 наурыз күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда цифрлық қауіпсіздікке қатысты норманың бекітілуі. Конституцияда көрініс тапқан осы норманы кеңінен түсіндіру, халық арасында үгіт-насихат жүргізу, соның ішінде болашақ заңгерлердің арасында барынша жеткізу де мақсатымыз еді. 

Барлық сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Нағыз лайықты топ жеңіске жетсін!»,-деді

Айта кетейік, сайысқа Астана, Алматы,  Шымкент, Түркістан,  Қызылорда және Тараз өңірлерінен келген 10-нан астам команда қатысты.

Хакатон цифрлық қылмыстар, онлайн алаяқтықпен күрес және цифрлық дәлелдемелерді құқықтық тұрғыда қолдану бағыттары бойынша өтті.

Байқау нәтижесінде Мирас университетінің «Senim.kz» командасы және оқу ордамыздың «Themis» командасы І орынды жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыт сақшылары» командасы және  Еуразия ұлттық университетінің «ENU жастары» командасы ие болды. Ал ІІІ орын Дулати атындағы Тараз университетінің «Қызыл жебе командасы», Аймақтық инновациялық университетінің «Жеті жарғы» командасы және Еуразия ұлттық университетінің «Digital lawyers» командасына бұйырды. 

Сондай-ақ, жүлдегер командаларға университетіміздің мерч өнімдері мен арнайы қаржылай сертификаттар табысталды.

Барлық қатысушыларды айтулы  жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!