УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ЕКІ БІРДЕЙ ЗЕТРХАНА АШЫЛДЫ

  • 26.04.2024
  • KZ

image

Оқу ордамызда академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында және  ғалымдардың гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу зертханасы мен «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды. 

Жаңа зертханалардың ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрлігі  Ғылым комитетінің төрағасы  Галимжан Жанқуатов пен «Ғылым қоры» АҚ басқармасының төрағасы Камиль Акатов, университет ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам мен ғалымдар қатысты.

«STEM және креативтілік» оқу зертханасы – ҚРҒЖБМ Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту», «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізігде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» атты гранттық жобалар аясында құрылды. 

Оқу зертханасының стратегиялық мақсаты – заманауи цифрлық білім беру ортасын құру, физиканы пәнаралық байланыста оқытудың тиімділігін іске асыру, STEM өнімдерді әзірлеу және олардың тиімділігін оқу үдерісінде бағалау, білім алушылардың инженерлік іс-әрекеттерін дамыту, жасалған өнімдерді коммерциялау арқылы еліміздегі ғылым мен технологияның дамуына үлес қосу, экономикалық тиімділікті жетілдіру. 

«STEM және креативтілік» оқу зертханасында ғалымдар физиканың білім беру саласындағы өзекті ғылыми мәселелермен айналысуда. Қазіргі таңда зерттеу тобымен жоба аясында бірнеше STEM зерттеу стендтері іске қосылды. 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен әзірленген телескоп жасалды. VR (виртуальды шындық) технологиясы негізінде физиканың бірнеше тақырыптарында 3D модельдік бағдарламалар құрылды. Әзірленген STEM өнімдер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне тигізетін әсері сияқты әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы –  ҚРҒЖБМ Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Ядролық өнеркәсіпте қолданылатын цирконий қорытпасын гидрленуден және жоғары температуралы тотығудан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау» атты гранттық жоба аясында құрылды. 

 Ғылыми зертхананың стратегиялық мақсаты – жаңартылатын энергия көздерін, энергия үнемдеу және баламалы энергия көздерін пайдаланудың өзекті іргелі және қолданбалы мәселелерін шешу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және ғылыми зерттеулердегі әзірлемелерді коммерцияландыру. 

Нанотехнологиялар және наножүйелік ғылымдар білім беру саласындағы білім беру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Зерттеу тобының мүшелері зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу, жаңа технологиялар бойынша шағын кәсіпорындарды ашу жөнінде ұсыныстар енгізуде.