❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

"Ясауи Эндаументі" ҚҚ алғашқы табысынан студенттердің «ТҮРКІ ТАРЛАНЫ МЕН БЕГІМ СҰЛУЫ – 2026» байқауына қатысушыларға қаржылайсыйақы тағайындады

  • 13.03.2026
  • KZ
  • 138

image

Бүгін оқу ордамызда жылдағы дәстүрге айналған  «Түркі Тарланы мен Бегім Сұлуы– 2026» атты мәдени-шығармашылық студенттік байқау өтті.

Байқау – университет жастарының зияткерлік деңгейін, шығармашылық әлеуетін, сахналық мәдениетін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және түркі дүниесіне ортақ рухани мұраны насихаттауға бағытталған.

Басты мақсат – студент жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың өнерін, білімі мен эстетикалық талғамын, шешендік қабілетін және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін анықтау және қолдау.

Байқауға тәжірибелі және түрлі саланың мамандарынан құралған әділ-қазылар алқасы төрелік етті. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан, белгілі продюсер Жанат  Муканов, Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева, Арбат мейрамханасының директорыМұқан Молдияр, Түркістан музыкалық-драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан, ABL Fitness орталығының директоры АбылайханАбишов, сондай-ақ сән салонының директоры Маржан Мырзаметова қатысушылардың өнерін, сахналық мәдениетін және шығармашылық қабілеттерін бағалады.  

Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне бірқатар демеушілер де қолдау көрсетті. Олар: ABL Fitness center орталығы, Arbat мейрамханасы, «Маржан Мырзамет» сән салоны, дизайнер Меруерт Сейсембекова және Kinopark кино-театры, “Ясауи Эндаументі ҚҚ". 

Демеушілер байқауды ұйымдастыруға өз үлестерін қосып, қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттауға атсалысты.

Айта кетейік, байқауға арнайы іріктеу кезеңінен өткен 9 қыз бен 9 жігіт қатысты.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. I кезең – «Таныстыру» бөлімінде қатысушылар өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымын, мамандығын, қызығушылығын айтып, сахналық мәдениетін көрсетті. II кезең – «Өнер» кезеңінде қатысушылардың шығармашылық қабілеттері сыналды. Олар ән айту, би билеу, күй орындау, көркем сөз оқу немесе аспапта ойнау сияқты түрлі өнерлерін ортаға салды. III кезең – «Баяндама-жоба» кезеңінде қатысушылар алдын ала таңдаған тақырыптары бойынша өз ойларын еркін жеткізіп, өз жобаларын қорғау арқылы бағаланды. IV кезең –  «Дефиле» бөлімінде ұлттық немесе этно-заманауи стильдегі киім үлгілерін сахнада таныстырды. Қатысушылардың эстетикасы мен сахналық мәдениеті бағаланды.

Сайыс нәтижесі бойынша университетіміздің Түркі тарланы — «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенті Нұрасыл Сапархан атанды. «Бегім сұлуы» атағын – «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенті Назым Стамбекова жеңіп алды. Көп ішінен оза шауып, бас жүлдеге ие болған студенттерге арнайы тапсырыспен жасалған «Бегім сұлу» тәжі мен Алмас қылыш табысталды. Қос жеңімпаз Түркия Республикасына Жаз оқуына арнайы жолдама жеңіп алды.

Сонымен қатар, I орын – Нежати Өздемир мен Нұрғайша Кайбуллаева, II орын –Нұрдаулет Тасболат пен Имран Караташ, III орын –Данияр Бимехан мен Ұлбала Есемхан иеленді.

Осылайша жүлделі орынға ие болған қатысушыларға  қаржылай сый-сияпат берілді.

Айта кетейік, басқа да қатысушыларға: «Үздік дефиле», «Көрермен көзайымы», «Өнерлі Өрен мен Жарық жұлдыз» сынды номинациялар табысталды. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді. 

Сондай-ақ,  оқу ордамыздың «Ясауи Эндаументі» ҚҚ алғашқы табысынан  барша қатысушыларға қаржылай сыйлық табыстады.