УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ ТҮРКИЯНЫҢ ҰЛЫ ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ КЕЛДІ

  • 21.05.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуштың қатысуымен «ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында кездесу өтті.

Басқосуға Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш бастаған Түркияның мемлекет қайраткерлері, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, университетіміздің Өкілетті Кеңес Мухиттин Шимшек мен ректор Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, оқытушы-профессорлар мен қызметкерлері және түркі елдерінен жиылған студенттер қатысты.

Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы келген қонақтар, ең алдымен, «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблінің өнерін тамашалап, «Түркі дүниесі тарихи панорамалық» мұражайын аралады және оқу ордамыздың лебіздер кітабына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Бұдан әрі негізгі жиын басталып, алғашқы сөз тізгінін алған университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек: «Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атын иеленген білім шаңырағына арнайы келген Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш мырза бастап келген қонақтарымызға, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаға және өзге де бауырларымызға университет ұжымы мен студенттері атынан ризашылығымызды білдіремін!

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Дәл осы Ұлы Ұлттық Мәжіліс парламентінде Түркия Республикасы бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігін алғаш болып мойындады. Бұл өте керемет көрініс еді! Осы оқиғадан кейін, біршама ай өткен соң, қос елдің бауырластығы мен ынтымақтастығы нәтижесінде халықаралық университетіміз құрылды. Қазіргі таңда 90 мыңнан астам түлегіміз дүниенің әр бөлігіне тарап, түркі әлемінде өте маңызды лауазымдарда қызмет етіп жүр», - деді.

Сондай-ақ, Өкілетті Кеңес төрағасы екі мемлекеттің алғашқы ортақ жобасы ретінде құрылған университетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша ақпарат берді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан мен Түркия арасында берік қатынас орнап, ортақ құндылықтарымыз тереңдеп, рухани-мәдени байланысымыз беки түскенін атап өтті.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіңізді арнайы қабылдап, екі елдің стратегиялық серіктестігін арттыру бағытындағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, Түркістан шаһарын көне келбетін сақтай отырып, жаңа бағытта дамытуда Түркияның қосқан үлесі зор. Түркістан қаласы тек Қазақстан үшін емес, күллі Түркі әлемі үшін тарихи және географиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие», - деді.

Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы мен Түркияның жүзеге асқан ортақ жобалары туралы кеңінен баяндады.

Ал, қадірменді қонақ, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуш өз тілегін жеткізіп, екі ел арасындағы бауырластық жайлы баяндады.

«Құрметті оқытушылар мен студент жастар, қадірлі достар, Түркі әлемінен жиналған бауырларымыз, сіздерді көргеніме қуаныштымын! Біз дәстүрге сай Арыстан бабтан бастап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттік. Енді міне, 90 мыңнан астам шәкірт тәрбиелеген қазақ-түрік университетінде бір ортаға тоғыстық. Осы жиынды ұйымдастыруға еңбек сіңірген Өкілетті Кеңес төрағасына, ректор Жанар Темірбековаға, өзге де достарымызға алғыс білдіремін.

Бүгінгі таңда түркі дүниесі қайта жаңғырып, даму үстінде. Осы тұста, Қазақстан мен Түркия бауырлас ел ретінде, ынтымағымыз арта түссін деп тілейміз. Бұл – үлкен күш. Себебі, 300 миллионға жуық түркітілдес жұртшылық өзара достық қарым-қатынастың озық үлгісін көрсетіп, әлемде бейбітшілік орнатуға, әрі мемлекеттеріміздің білім-ғылымы мен экономикасының одан әрі қарыштап дамуына үлес қосады деп сенім білдіреміз!», - деді Түркияның мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы кездесуге арқау болған «XXI ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында маңызды баяндама оқыды.

Алқалы жиын соңында, Нуман Куртулмушқа Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова университет атынан сый-сияпаттар табыстап, иығына шапан жауып қонақжайлықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, дәстүр бойынша құрметті қонақтар университетіміздің жасыл алаңына ағаштар отырғызды.