❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ТАПҚАН ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР АЛТЫН ОРДА КӨРМЕСІНЕ ҚОЙЫЛДЫ

  • 19.05.2026
  • KZ
  • 386

image
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Аталған шара аясында бірегей көрме ұйымдастырылып, онда университетімізге қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген тарихи жобалар мен сирек архивтік деректер кеңінен таныстырылды.
 
Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрліктер мен шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері, жетекші ғалым-археологтар, тарихшылар мен шығыстанушылар, сондай-ақ музейлер, музей-қорықтар және ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.
 
Айтулы көрме XIII-XV ғасырларда Еуразия кеңістігінде қалыптасқан Алтын Орда мемлекетінің тарихи-мәдени болмысын Қазақстан аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар және архив материалдары негізінде таныстыруға арналған.
 
Көрменің ең құнды бөлігінің бірі – Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының әлем архивтерінен жинақтап, ғылыми айналымға енгізген Алтын Орда дәуіріне қатысты сирек деректері болды. Атап айтқанда, көрмеге Алтын Орда кезеңінен 3 жарлық, 3 дипломатиялық хат және 2 тарихи қолжазбаның факсимильді басылымы, сондай-ақ 8 қолжазбаның электронды нұсқасы қойылды.
Олардың қатарында Тоқтамыс ханның 1381 жылғы тархандық жарлығы, Темір Құтлық ханның тарихи жарлығы, Ұлық Мұхаммед хан мен Ахмед ханның Осман сұлтандарына жолдаған хаттары, сондай-ақ XIV ғасырда жазылған астрономия, медицина, дін, математика және әдебиетке қатысты сирек қолжазбалар бар.
 
Әсіресе, Құтбтың «Хұсрау уә Шырын» дастаны, Сайф-и Сарайидің «Гүлістан бит-түрки» еңбегі, Камаләддин әт-Түркманидің астрономиялық трактаты мен Ахмад Киланидің медициналық қолжазбалары халықаралық ғылыми ортада жоғары бағаланатын мұралар саналады.
Бұл жәдігерлер Түркия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Иран, Нидерланд және Ресей архивтері мен кітапханаларынан алынған.
 
Сонымен қатар, университет ғалымдары Қазақ хандығы мен Осман империясы арасындағы дипломатиялық байланыстарға қатысты бұрын көпшілікке беймәлім болған тарихи хаттарды да көрмеге ұсынды. Атап айтқанда, Қазақ ханы Қайып Мұхаммед пен Осман сұлтаны III Ахмет арасындағы ресми хат алмасулардың факсимильді көшірмелері алғаш рет бір алаңда көрсетілді.
 
Көрмеде университет ғалымдары әзірлеген «Орталық Азияның ғылыми тарихи интерактивті картасы» жобасы да таныстырылды. Бұл цифрлық платформа XII–XIX ғасырлардағы Орталық Азия кеңістігінің тарихи-саяси карталарын, көне қалалар мен мәдени мұра нысандарын бір жүйеге біріктірген бірегей ғылыми ресурс саналады. Жоба аясында 170-тен астам тарихи карта цифрландырылып, уақыт шкаласы, карталар архиві және мәдени мұра модульдері арқылы пайдаланушыларға ұсынылған.
 
Интерактивті картада Жошы ұлысы, Қазақ хандығы, Қарахан мемлекеті, Ноғай Ордасы, Моғолстан секілді тарихи мемлекеттердің шекаралық өзгерістері, сауда жолдары мен мәдени кеңістігі заманауи геоақпараттық технологиялар негізінде көрсетілген.
 
Айта кетерлігі, бұл интерактивті карта мен оған енгізілген барлық тарихи материалдар Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институтында арнайы әзірленіп, жабдықталған серверде сақтаулы.
 
Сондай-ақ, көрме барысында университет ғалымдары дайындаған 3D реконструкциялар, жасанды интеллект арқылы жасалған Орда дәуірінің киім үлгілері мен әскери тактикалары, шағатай қолжазбаларын оқуға арналған транскрипция платформасы көпшілік назарына ұсынылды.
 
Бұл – университетіміздің түркология, тарих, цифрлық гуманитаристика және қолжазбатану салаларындағы халықаралық деңгейдегі ғылыми әлеуетінің көрінісі. Ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі Алтын Орданың тек әскери-саяси мемлекет емес, ғылымы, дипломатиясы, қалалық мәдениеті мен жазба өркениеті дамыған ірі өркениет болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
Осы маңызды ғылыми жобалардың жүзеге асуына үлес қосқан Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен ғалымдарына, архив, қолжазба және тарихи мұраларды зерттеу бағытында аянбай еңбек етіп жүрген барша мамандарға университет ұжымы атынан шынайы алғыс білдіреміз. Ұлт тарихын түгендеп, түркі дүниесінің ортақ мұрасын ғылыми тұрғыда жаңғырту жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
 
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда құрылатын Түркі өркениеті орталығына да университетіміз қолдау көрсетіп, ғалымдардың көпжылдық зерттеу нәтижелері мен еңбектерін ұсынуы көзделіп отыр. Президентіміз де өз сөзінде оқу орнымыздың ғылыми-академиялық әлеуетін кеңінен пайдалану керек екенін айтып, сенім білдірді. Университет ұжымы сол сенім үдесінен шығуға күш салады.