❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 21.05.2026
  • KZ
  • 517

image


Университетімізде «Конституцияның үстемдігі және конституциялық іс жүргізуде Amicus Curiae құқықтық институтын дамыту» атты тренинг өз мәресіне жетті.

Іс-шара барысында Конституциялық Соттың азаматтардың өтініштерін қарау кезінде туындайтын өзекті мәселелері мен олардың себептері талқыланып, тиімді шешу жолдары мен тетіктері ұсынылды.

Сонымен қатар, қатысушылар халықаралық және ұлттық құқықтық нормалар арасындағы өзара байланыс пен қайшылықтарды саралап, құқықтық тәжірибедегі маңызды мәселелерді қозғады.

Осылайша, тренингке қатысқан құқық саласының өкілдері төрт сессия бойынша тың ақпараттар алып, пікірлерін ортаға салды.

Ал, бүгін, «Amicus curiae» (соттың досы) конституциялық әділеттілікті қамтамасыз етуде: құрылымы, дәлелдері және қорытындылары» тақырыбында практикалық жиын өтті. Жиын спикері – заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Ермек Абдрасулов болды.

Спикер жиында Amicus Curiae («соттың досы») институтының негізгі элементтері туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, оның құрылымы, дәлелдеу мазмұны және құқықтық ұстанымды объективті түрде тұжырымдау тәсілдерін кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, өтініштің типтік құрылымын таныстырып, кіріспе бөлімі, құқықтық ұстаным, нақты және салыстырмалы құқықтық дәлелдер, қорытынды мен ұсыныстарды әзірлеу жолдарын атады. Әрі, дәлелдің сапасына ерекше назар аударып, оның объективті, ғылыми негізделген болуы және конституциялық әрі халықаралық құқық нормаларына сүйенуі маңызды екенін атап өтті.

Айтулы тренинг құқық саласы мамандарының конституциялық іс жүргізу бағытындағы білімін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Жиын соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.