ҚОЛЖАЗБАТАНУ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ГУМАНИТАРИСТИКА БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ
Алматы қаласында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық конференция басталды. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ВР28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: тіркеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеулер» атты бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оқу ордамызға қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен өтіп жатқан басқосуға Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова қатысуда.
Ауқымды ғылыми жиынның мақсаты – Қазақстандағы қолжазба қорларын сақтау, ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру үдерістерін жетілдіру және осы бағыттағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Айталы жиынға Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Өзбекстан, Ресей, Куба және Әзербайжан сынды сегіз мемлекеттен 50-ден астам ғалым мен салалық сарапшы-маман қатысып жатыр. Олардың қатарында Харвард университеті мен Оксфорд университеті, Индиана университеті, Түркия қолжазбалар басқармасы, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Өзбекстан Ғылым академиясының ғылыми институттары мен отандық жоғары оқу орындар, «Ғылым ордасы» РМК және Қазақстанның ұлттық кітапханалары мен орталық архивтерінің жетекші ғалымдары мен мамандары бар.
Конференция модераторы – PhD, қауымдастырылған профессор, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур болды.
Халықаралық басқосуда Қазақстан мен Орталық Азиядағы қолжазба мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері кеңінен қарастырылады. Ғалымдар ортағасырлық мұсылман еңбектерін ғылыми айналымға енгізу, қазақ даласына қатысты араб, парсы және түркі деректерін талдау, араб графикасымен жазылған қолжазбалардың тарихи және тақырыптық ерекшеліктерін зерделеу бағытында баяндама ұсынбақ.
Айта кетейік, конференцияның маңызды бағыттарының бірі – цифрлық гуманитаристика мен жасанды интеллект технологияларын қолжазбатану саласына енгізу мәселелері. Сондықтан, мамандар көне мәтіндерді автоматты тану жүйелері, тарихи құжаттарды цифрландыру, электронды каталогтар қалыптастыру және халықаралық тәжірибелер жөнінде ой бөліседі.
Сонымен қатар, 4–10 маусым аралығында конференция аясында «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» халықаралық жазғы мектебі өтеді. Жазғы мектепке Қазақстан, Түркия, АҚШ және Жапониядан келген 14 жетекші маман мен оқытушы қатысады. Олар шағатай тілін оқыту, қолжазбаларды консервациялау және реставрациялау, сирек қорларды каталогтау және цифрлық технологияларды қолдану бағытында тәжірибелік дәрістер өткізеді.