Университетімізде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұйымдастыруымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларына арналған ақпараттық брифинг өтті. Жиын спикері – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев болды.
Іс-шараға университет оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар және ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын мамандар қатысты.
Басты мақсат – білім алушылар мен жас ғалымдарды халықаралық білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен таныстыру, бағдарламаларға қатысу шарттары жөнінде жан-жақты ақпарат беру.
Жиынды ашып берген Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу қатысушыларға сәттілік тілеп, пайдалы ақпараттар айтылатынына сенетінін жеткізді.
Келесі кезекте, Қайсар Еркінбаев халықаралық білім беру бағдарламаларының артықшылықтарына тоқталып, шетелдік жетекші жоғары оқу орындар мен ғылыми орталықтарда білім алу және тағылымдамадан өту мүмкіндіктері жөнінде айтты. Әсіресе, «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен Үкіметаралық гранттар, «Study in Kazakhstan» жобасына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, қатысушыларға бағдарламаларға қатысу кезеңдері мен талаптары, құжаттарды тапсыру тәртібі, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерге арналған жаңа мүмкіндіктер туралы баяндады.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тың жауап алды.