ОҚУ ОРДАМЫЗДЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ
Астана қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «GOVHR FORUM 2.0: Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі адам. Әлеует. Қоғамдық құндылық» тақырыбында халықаралық форум өтті.
Ауқымды халықаралық шараға университетіміздің Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков пен Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Мақпал Анламасова қатысты.
Форум Еуропа, Азия және ТМД елдерінің мемлекеттік органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ғылыми сарапшыларды, сондай-ақ HR және GovTech салаларындағы жетекші мамандарды бір алаңға жинады.
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен 50-ден аса шетелдік қонақ қатысты.
Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттің құттықтауын оқып, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудағы адам капиталының рөліне ерекше тоқталды.
Форум жұмысына Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, GRECO президенті Дэвид Мейер, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня, Черногорияның Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукай, Жапонияның Ұлттық кадр басқармасының халықаралық істер және оқыту жөніндегі бас директоры Мио Маэда, Түркия Республикасы Президенті Бас хатшылығының кадр мәселелері және қызмет қағидаттары жөніндегі бас директоры Билал Шентюрк және басқа да халықаралық сарапшылар қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық үдерістерді трансформациялау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу, адами капиталды дамыту және қоғамдық құндылықтарға негізделген мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру мәселелері талқыланды.