Университет ректоры Жанар Темірбекова Әзірбайжан Республикасына арнайы іс-сапармен барды. Ол Баку қаласында ICESCO-ның Бакудегі өңірлік кеңсесі тарарынан ұйымдастырылған Орталық Азия мен Кавказдағы араб тіліне арналған Сұлтан бин Абдулазиз Әл Сауд атындағы халықаралық тілдерді оқыту бағдарламасының жабылу рәсіміне қатысты.
Аталған іс-шара ICESCO-ның Бакудегі өңірлік кеңсесі, Сұлтан бин Абдулазиз Әл Сауд қоры және Баку Еуразия университетінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Салтанатты шараға ICESCO-ның Бакудегі өңірлік кеңсесінің директоры доктор Әлбұлхаким Фахад Әл-Сенан, Сұлтан бин Абдулазиз Әл Сауд қорының бас директоры Абдулазиз Әл-Хулайфи, Мажди бин Хажи Ибрахим және Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы әрі Әзербайжанның ICESCO жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Фаррух Жұмаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Жиын барысында қатысушылар бағдарлама нәтижесін талқылап, оның өңірдегі білім беру саласында ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Аталған бағдарлама аясында 2025 жылдың қараша айында Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Саудтың халықаралық тілдік дайындық жобасы аясында университетімізде ICESCO-мен бірлесіп «Араб тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері» атты халықаралық семинар ұйымдастырылған болатын. Семинар барысында араб тілін оқытудың жаңа әдістері талқыланып, оқытушылар өзара тәжірибе алмасты. Бұл жоба университетіміздің халықаралық білім беру саласындағы байланысын нығайтып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Іс-сапар аясында университет ректоры Жанар Темірбекова ICESCO өкілдерімен кездесіп, 2027 жылы Түркістан қаласының Ислам әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына орай бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар жөнінде пікір алмасты.
Жиын соңында ректор Жанар Темірбекова ICESCO-ның Бакудегі өңірлік кеңсесінің директоры доктор Әлбұлхаким Фахад Әл-Сенан және Сұлтан бин Абдулазиз Әл Сауд қорының басшысына шапан жауып, қос тарап бір-біріне сый-сияпаттар табыстады.