TETZ 2026: РЕКТОР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ
Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова Түркиядағы іс-сапары аясында Стамбул қаласында өтіп жатқан TETZ 2026 – Түркияның білім беру технологиялары саммиті мен көрмесіне (Türkiye Eğitim Teknolojileri Zirvesi ve Fuarı) қатысты.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылған халықаралық саммит Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.
«Цифрлық дәуірдегі тұлға тәрбиесі: бейбітшілік мәдениеті, құндылықтар, болмыс және болашақ» тақырыбындағы ауқымды жиын білім беру технологиялары саласындағы әлемдік тәжірибені біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Саммитке Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин мен 20-дан астам елдің білім министрліктерінің басшылары мен өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, жоғары оқу орындардың басшылары, ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және білім беру технологиялары саласындағы жетекші компаниялар қатысып жатыр.
Ал, ректор Жанар Темірбекова аталған халықаралық жиынға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасымен барды.
Еске сала кетейік, жуырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өткен болатын. Сол жиынға қатысқан Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текин TETZ 2026 шарасына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қазақстан делегациясын арнайы шақырған еді. Жиын барысында Юсуф Текин шақыруды қабылдап, арнайы делегация жіберген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке ризашылығын білдірді.
Бірнеше күнге созылатын халықаралық алаңда білім беру технологиялары, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, жаңа буын оқыту модельдері және ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, технологияны білім беру үдерісінде тиімді пайдалану, оның адам капиталының сапасын арттыруға, өмір бойы білім алуды қолдауға және білім беру жүйесін жетілдіруге қосатын үлесі қарастырылып жатыр.
Алдағы күндері пленарлық отырыстар мен панельдік сессиялар, білім берудегі технологиялық трансформацияға арналған ашық пікірталастар, панельдік талқылаулар, көшбасшы сарапшылардың дәрістері, білім беру технологияларының көрмесі өтеді.
Аталған халықаралық саммитке қатысу университетіміздің халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға, әлемдік озық тәжірибелерді зерделеуге және оларды оқу үдерісіне енгізуге, сондай-ақ білім беру технологиялары саласындағы жаңа серіктестіктерді дамытуға мүмкіндік берді.