ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін университетте «Жаңа Конституция: құқық үстемдігі, конституциялық құндылықтар және әділетті мемлекеттің жаңа негіздері» атты ғылыми семинар өтті.
Шараның мақсаты – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын кеңінен түсіндіру, құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлін, конституциялық құндылықтардың маңызын насихаттау және азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру.
Семинарда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Сұңғатқызы «Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы: негізгі өзгерістер мен қоғамдық маңызы» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдірудің маңызына тоқталды.
Спикер құқықтық ахуалға жүйелі талдау жүргізу, тұрғындар арасында сауалнамалар ұйымдастыру арқылы өзекті мәселелерді талдап, оларды шешудің тиімді тетіктерін қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Бұдан өзге, жеке деректерді қорғау, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар арасындағы құқықтық қатынастар мен азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелерін жан-жақты түсіндірді.
Семинар барысында Заң факультетінің деканы, PhD Қасымбек Әлия Конституциялық реформалардың, «Таза Қазақстан» бастамасының және «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы құқықтық сананы қалыптастыруы және Ұлттық құрылтай мен Халықтық кеңес аясында қабылданған құжаттардың елдің құқықтық дамуына қосып отырған үлесін тілге тиек етті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Наталья Сұңғатқызы Түркістан облысының барлық 17 аудан-қаласын қамтитын жұмыстарға жауапты маман екенін, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
Жалпы, ғылыми семинар аясында жаңа Конституцияның қабылдану себептері мен тарихи маңызы таныстырылып, құқық үстемдігі, заң мен тәртіп, адам құқықтары мен бостандықтары қағидаттары жан-жақты талқыланды.
Қатысушылар жаңа конституциялық құрылым мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге талдау жасап, конституциялық құндылықтардың қоғамның тұрақты дамуы мен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін саралады.
Шара соңында қатысушылар баяндамашыға мазмұнды дәрістері мен пайдалы ақпараттары үшін алғыстарын білдірді.