Ахмет Ясауи университетінің ғылым саласындағы жетістіктері тағы бір маңызды нәтижемен толықты. Университет ғалымдары зерттеген екі ғылыми жоба «Ғылым қоры» АҚ жариялаған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанып, жалпы көлемі 500 миллион теңге болатын гранттық қаржыландыруға ие болды.
Жеңімпаз атанған жобалардың бірі – «Түйе сүтінен экспортқа бағдарланған диабеттік өнімді өңдеудегі инновациялық технологияны коммерцияландыру» жобасы. Жоба авторлары – биология ғылымдарының докторы, профессор Жұмабаев Уалихан және магистр Оразбаева Орынкүл.
Аталған жоба түйе сүті (шұбат) негізінде дәрілік өсімдіктердің табиғи экстракттарымен байытылған, қант диабетінің алдын алуға және дұрыс тамақтануды қолдауға арналған функционалды биойогурт өндіру технологиясын өнеркәсіптік деңгейде енгізуге бағытталған.
Өтінім беруші – Ахмет Ясауи университеті.
Грант алушы/Өнеркәсіптік серіктес – «Общепит Мангистау» ЖШС.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жоғары қосылған құны бар отандық инновациялық өнім өндіріліп, экспортқа бағдарланған биотехнологиялық өнімді халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі артады. Сонымен қатар университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелері нақты өндіріске енгізіліп, ғылым мен бизнестің тиімді байланысын дамытуға жол ашылады.
Конкурс жеңімпазы атанған екінші жоба – «Тазалығы жоғары электролиттік марганецті алу технологиясын өнеркәсіптік деңгейде енгізу және коммерцияландыру». «KazFerroGroup» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылатын жоба электрохимиялық сілтісіздендіру технологиясы негізінде марганец кенінен жоғары тазалықтағы электролиттік марганец өндірудің өнеркәсіптік технологиясын енгізуді көздейді.
Өтінім беруші – Ахмет Ясауи университеті.
Грант алушы/Өнеркәсіптік серіктес – «KazFerroGroup» ЖШС.
Аталған технология елімізде жоғары технологиялық өндірістерге қажетті стратегиялық шикізатты өндіруге, отандық металлургияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ғылыми нәтижелерді нақты өндірісте тиімді коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
Жоба авторлары – PhD, қауымдастырылған профессор Маханбетов Арман, химия ғылымдарының кандидаты Гаипов Тулкинжан және PhD, қауымдастырылған профессор Мырзабеков Бегзат.
Айта кетейік, жобалар оқу орнымыздың Коммерцияландыру офисінің үйлестіруімен дайындалған. Ғылыми зерттеулердің өндіріспен ұштасуы жаңа технологиялардың дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына, жоғары қосылған құны бар өнімдердің шығарылуына және еліміздің ғылыми-инновациялық экожүйесінің нығаюына ықпал етеді.
Университетіміз ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, халықаралық деңгейдегі ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.
Университет ұжымы атынан ғылыми еңбектерінің нәтижесі сәтті іске асырылған ғалымдарды шын жүректен құттықтап, алдағы ғылыми ізденістері мен жаңа жетістіктеріне толағай табыс тілейміз!