СТУДЕНТТЕРІМІЗ ДӘСТҮРЛІ ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

  • 31.05.2024
  • KZ

image

Өнерлі студенттеріміз Әйтеке бидің туғанына  380 жыл толуына орай Түркістан қаласында өткен аймақтық «Бабалар рухы үн қатты» атты дәстүрлі әнші, жыршы, термешілер байқауында жеңімпаз атанды.

Байқаудың мақсаты – асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізетін терме өнерін өскелең ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау. Таланттарды анықтап, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыру. Өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей болған, халықтық дәстүрлер негізіндегі терме өнерінің жаңғыруына өзіндік үлесін қосып келе жатқан термешілерді анықтау. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнердің мәйегіне айналған дәстүрлі ән мен терме жанрын дамыту болды. 

Қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынасты.  Бірінші кезеңде үміткерлер Оңтүстік өңірінің термелерінен 2 шығарма орындаса, келесі кезеңде еркін тақырыпта 1 дәстүрлі ән орындады. 

Байқаудың қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Бекарыс Шойбеков, университетіміздің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұрат Жұманов  болды.  

Сайыс нәтижесі бойынша университетіміздің талантты білімгерлері, Дәстүрлі музыка өнері мамандығының 4-курс студенттері Диана Арипбоева бас жүлдені жеңіп алса, Іңкәр Құтымбай 3-орынды иемденді.

Көп ішінен топ жарып, оқу ордамыздың мерейін үстем еткен студенттерімізді шын жүректен құттықтаймыз!