УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ 40 СТУДЕНТІ ТҮРКИЯҒА «ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ» АТТАНДЫ
Оқу ордамыздың жылдағы дәстүріне сай 40 студент Түркия Республикасына «Жазғы мектепке» аттанды. Осыған орай, университет басшылығы студенттермен кездесті.
Түркиядағы жазғы мектеп – университетіміздің білімді, әрі белсенді жастарын қолдауға арналған маңызды жобаларының бірі. Айтулы жобаға Өкілетті Кеңес қолдау көрсетеді. Жобаға қатысушылар қатарында арнайы іріктеу кезеңдерінен өткен оқу үлгерімі жоғары, түрік тілін жетік меңгерген студенттер мен байқауларда жеңіске жеткен белсенді жастар бар.
Ректор өкілі м.а, Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов жазғы мектеп қатысушыларымен басқосып, ақ жол тіледі.
Жиында сөз бастаған Мустафа Гиритлиоглу: «Құрметті Жаз оқуына баратын студенттер, сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сіздердің білім жолындағы еңбектеріңіздің жемісі. Алдағы күндері Түркия жерінде сол елдің, әрі қазақ жұртының ортақ тарихын тамашалап, түрік халқымен жақыннан танысасыздар. Сіздердің уақытты тиімді, пайдалы өткізулеріңіз үшін арнайы бағдарлама да құрылды. Сапарларыңызда тек оқу ордамызды ғана емес, отбасыларыңыз бен Қазақстанды да танытасыздар. Сондықтан, сіздерге сәтті сапар тілеймін»,-деді.
«Бүгін университетіміздің қаймақтары, бетке ұстар үздіктерімен кездесіп отырмыз. Сіздерге Түркия жеріне саяхат жасауға оқу ордамыз үлкен мүмкіндік берді. Барған елдеріңізде сол елдің заңына бағынып, тәртіп сақтаңыздар. Қай елге барсаңыздар да оқу ордамызды жақсы жағынан танытасыздар деп сенемін. Өздеріңізге тарихи, рухани азық болар қор жинап қайтыңыздар. Ақ жол тілейміз!»,-деді вице-ректор Еділ Төлегенов.
Айта кетейік, алдағы он күн ішінде университетіміздің 40 студенті Түркияның Бурса, Чанаккале, Балыкесір, Билежік, Анкара, Невшехир, Болу және Стамбул қалаларында болып, олардың тарихи-мәдени ескерткіштерімен, көрнекті орындарымен және әлеуметтік даму ерекшеліктерімен танысады.