АЛТЫН ОРДАНЫҢ ИСЛАМ ЖӘНЕ РУХАНИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ ПАНЕЛЬ ӨТТІ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Алтын Орданың ислам және рухани мәдениеті» тақырыбында ғылыми панель өтті. Басқосуда Алтын Орда дәуіріндегі исламның таралуы, оның мемлекеттік басқару жүйесіне, құқықтық мәдениетке, білім беру дәстүріне және қоғамдық санаға ықпалы жан-жақты талқыланды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Алтын Орда кезеңіндегі рухани және интеллектуалдық үдерістерді заманауи ғылыми көзқарас тұрғысынан саралап, ортағасырлық жазба мұралар негізінде жаңа ғылыми тұжырымдар ұсыну болды. Панель жұмысына тарих, шығыстану, исламтану, деректану, қолжазбатану және мәдениеттану салаларындағы жетекші ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.
Жиынды Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, қауымдастырылған профессор, PhD Суат Бейлур жүргізді. Өз сөзінде модератор Алтын Орда мұрасын зерттеу тек тарихи кезеңді танумен шектелмейтінін, бұл бағыттың түркі халықтарының рухани сабақтастығын, мәдени байланыстарын және өркениеттік дамуын түсінуде маңызды орын алатынын атап өтті.
Панель барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Төрәлі Қыдыр Алтын Орда кезеңіндегі исламның орны мен оның рухани кеңістіктің қалыптасуына әсері туралы баяндама жасады. Ғалым исламның мемлекеттік идеология ретінде орнығуының өңірдегі мәдени және ғылыми дамуға тигізген ықпалына тоқталды.
Сондай-ақ, жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Меңдігүл Ноғайбаева, АБДИ Гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры, т.ғ.к., Қанат Өскенбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен т.ғ.к., профессор Нұрлан Атығаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Ықтияр Палтөре, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Марыс Қадылбек және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қайрат Қайполла да өз зерттеулерінің нәтижелерін бөлісіп, тарихи деректер негізінде тың ғылыми пайымдарын ұсынды.
Ғылыми пікірталас барысында қатысушылар Алтын Орда кезеңінің қолжазба мұралары, ислами білім беру дәстүрлері, құқық мәдениеті, әдеби мұра және араб, парсы мен түркі өркениеттерінің өзара ықпалдастығы мәселелерін кеңінен талқылады. Әсіресе, қолжазба деректері негізінде білім мен ғылымның дамуы, интеллектуалдық ортаның қалыптасуы және ислам құндылықтарының мемлекеттік әрі қоғамдық институттардың дамуындағы орнына ерекше назар аударылды.
Жиында Алтын Орда мұрасын зерттеудегі жаңа әдіснамалық ұстанымдар, дереккөздерді қайта қарастыру мәселелері және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың мүмкіндіктері де сөз болды. Ғалымдар ортағасырлық Еуразия кеңістігінің интеллектуалдық тарихын зерделеу бағытындағы зерттеулердің маңызын атап өтіп, бұл саладағы ғылыми ізденістерді одан әрі тереңдету қажеттігін айтты.
Панель қорытындысында қатысушылар Алтын Орданың ислам және рухани мұрасын зерттеудің өзекті бағыттарын айқындап, тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан жаңаша зерделеудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ мұндай ғылыми кездесулердің ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, түркі-ислам өркениетінің бай мұрасын насихаттауға және Қазақстандағы Алтын Орда тарихын кешенді зерттеуге тың серпін беретінін сөзге тиек етті.